Онлайн-казинолар үшін «дроп-ферма» ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн-казиноларға қызмет көрсету мақсатында бірнеше елдің аумағын қамтыған халықаралық қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды«24KZ». Алаяқтар ақша айналымын жасыру үшін «дроп-фермалар» ұйымдастырып, шетелдіктер мен кәмелетке толмағандардың атына банк шоттарын ашқан.
Тергеу барысында күдіктілердің Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарының шоттарын пайдаланғаны анықталды. Елімізге келген шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) беріліп, солардың атына SIM-карталар мен банк шоттары рәсімделген. Кейіннен банк қосымшаларына кіруге мүмкіндік беретін ұялы телефондар ақша айналымын басқаратын тұлғаларға беріліп отырған.
Қылмыстық топ ойыншылардан төлем қабылдау, оларды автоматты түрде анықтау және ұтыстарды тарату үшін арнайы P2P платформасын қолданған. Сондай-ақ өзара есеп айырысу үшін криптовалюта пайдаланылғаны белгілі болды.
Қазақстанға келген шетел азаматтарына жеке сәйкестендіру нөмірлері беріліп, олардың атына SIM-карталар мен банк шоттары ашылған. Кейін банк қосымшаларына кіруге рұқсаты бар ұялы телефондар осы шоттар арқылы ақша айналымын басқаратын адамдарға берілген.
Тінту жұмыстары кезінде 180 банк картасы, 15 телефон, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT, төрт автокөлік, қару-жарақ, оқ-дәрілер және 26 SIM-карта тәркіленді. Аталған банк карталарына түскен қаражаттың жалпы сомасы 9,8 миллиард теңгеден асқан.
Қазіргі уақытта сот бес күдіктіні қамауға алуға санкция берді. Тергеу амалдары жалғасуда, заңнамаға сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.