Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы мектеп толық жаңартылды

Бішкектегі Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназиясы Қазақстанның қолдауымен толығымен өзгертілді. Бұл – білім ордасы екі елді байланыстыратын маңызды оқу орны.

Бүгінде жаңа кабинеттер ашылып, сыныптар заманауи білім беру талаптарына сай жабдықталды. Іргетасы 1941 жылы қаланған білім беру мекемесі Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде мотоатқыштар училищесі әрі әскери госпиталь ретінде пайдаланылды. Оның түлектерінің арасында болған жазушы Кемел Тоқаев дәл осы жерден майданға аттанған. Соғыстан кейін 1947 жылы 1-ші қыркүйекте мектеп қайта ашылды. Былтыр мамырда Президент Садыр Жапаровтың бастамасымен мектеп-гимназияға Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Бұл екі ел арасындағы терең байланыстың жалғасы іспетті.

Қазір бұл ғимарат - тарихи орын ғана емес, талай жасты білім нәрімен сусындатып отырған оқу ордасы. Заман талабына сай жаңғырып, жаңа технологиялық жабдықтармен толығып келеді. Былтыр мектептің кіреберісі, дәліздері және үлкен залында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 120 орындық асхана пайдалануға берілмек. Санитарлық бөлмелер де ретке келтірілді. Бастауыш сынып оқушылары үшін кіреберістерге жылу өткізілді. Ал ата-аналарға күту залы жасалды. Оқушылардың сыныптан тыс үйірмелер мен қосымша сабақтарға да қатысуына ерекше мән берілген. Ол үшін арнайы автобус іске қосылды. Информатика, робототехника және химия кабинеттері ашылып, жаңа құрылғылармен толықты. 

Альбина Усанова, Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияның химия пәні мұғалімі:

- Алдымен оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артады. Біз зерттеу жобаларын көбірек әзірлеп, түрлі байқау, олимпиадаларға қатыса аламыз. Бұл оқыған материалды тәжірибе барысында байқап көруге мүмкіндік береді.

Аскат Борукулов, Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияның информатика пәні мұғалімі: 

- Информатика кабинеті жаңа компьютерлермен толықты. Олар әлдеқайда қуатты. Жадының сыйымдылығы да жоғары. Ол 3D кескіндеме, модельдеу сынды күрделі тапсырмаларды орындауға есептелген.

25 жаңа компьютер, кескіндеме жасайтын 3 принтер, 3D сканердің 4 данасы, сондай-ақ диагоналі 75 дюймдық интерактивті монитор. Бұл – информатика кабинетінің заманауи келбеті. Электронды құрал-жабдықтардан бөлек, арнайы оқу жиһаздарымен де қамтамасыз етілген. Оқуға қажеттінің бәрі бар.

Лейла Султанбекова, Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияның оқушысы:

- Информатика кабинеті көңілімнен шықты. Бұрын компьютерлер жетіспейтін. Химия кабинеті де ұнады. Енді сабақтар қызық өтеді деп ойлаймын.

Химия кабинеті де жаңаша сипат алған. Мұнда шыны, сынама, реактивтер, оны сақтауға арналған жабдықтар және тәжірибе жұмыстырына қажетті түрлі құралдар бар. Бұл сабақты тереңнен түсінуге, зерттеуге мүмкіндік береді.

Давид Цыганков, Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияның оқушысы:

- Енді мектепке күнде жақсы көңіл күймен келетін шығармын. Өйткені химиядан тапсырманы жай шешіп қана қоймай, іс жүзінде газдың қалай бөлініп, түстердің өзгеруін өз көзіммен бақылаймын. Информатика сабағы да дәл солай. Роботтарды жасау үшін қандай бағдарлама қолданылатынын көремін. Қазақстан Президентіне осындай үлкен сый үшін алғыс білдіремін.

Жаңа кабинеттер пайдалануға берілді. Ал құрал-жабдықтар біртіндеп жаңартылып жатыр. «Бұл оқушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», - дейді мектеп мұғалімдері. Әр бала жаңа технологияның қыр-сырын меңгеріп, әр тақырыпты тереңнен игере алады.

Таалайкул Ашымова, Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияның директоры:

- Жаңа кабинеттермен қатар оқушыларымыздың сапалы білім алуына көмектесетіндей мүмкіндікке ие болып отырмыз. Өте қуаныштымыз. Бұл – екі ел арасындағы мызғымас достық қарым-қатынастың көрсеткіші. Алдағы уақытта да бірлескен жобаларымыз өз жалғасын таба берсін деймін.

Мектепті жаңарту жұмыстары жалғасады. Келер жылға жеке кітапхана ғимаратын салу жоспарланған. Осылайша, екіжақты қарым-қатынас өзара сенім мен қолдаудың арқасында ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне жетіп отыр. Соның жарқын көрінісі Кемел Тоқаев атындағы мектеп тарихи мәнімен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын білім ордасына айналып келеді. Ал оның нәтижелі жемісі білімді жастардың көбеюінен көрінері сөзсіз.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Бақыт Чермашев

Сондай-ақ оқыңыз: