Елде нефрологиялық көмек көрсетудің жаңа стандарты қабылданды

Ол гемодиализ орталықтарының жұмысын реттеп, бүйрек трансплантациясын күтіп жүрген азаматтардың өмірін сақтап қалуға бағытталған. Бүгінде республикада 14 мыңнан астам науқас тұрақты диализдік ем қабылдайды.

Ал ағзаны күту кезегінде 4 мыңнан астам адам тұр. Жаңашылдықтың аталған азаматтарға тиімділігі қандай? 

55 жастағы астаналық Батпа Қаратаеваның гемодиализге таңылғанына 17 жылдан асты. Ол арнайы орталыққа аптасына үш рет барып, 4 сағат бойы қанын тазартып отырады. Себебі диализ – өмірін ұзартатын жалғыз шара. Емделушінің ендігі арманы – бүйрек трансплантациясы.

Батпа Қаратаева, қала тұрғыны:

- Трансплантациядағы кезекте тұрмын. 9 бауырым бар. Әке-шешем дүниеден өтіп кетті, балаларым бар. Олар бүйрек береміз деген, бірақ мен өзім алған жоқпын. Болашақта оларды не күтіп тұрғанын білмейміз ғой. Емделуші жастарға да қиын. Артында ұрпағы жоқ, солардан обал. Ұсынысым - бірінші кезекте балаларға мәйіттік болса да осыларға салдырып беру.

Батпа Қаратаеваның ем алатын диализ орталығында 15 аппарат бар. Мұндағы мамандар үш ауысымда жұмыс істейді.

Сәуле Абраева, Гемодиализ орталығының басшысы, нефролог:

- Клиникада 15 диализ аппараты бар. Күніне 45 науқасты қабылдаймыз. Бұған қоса, орталық мамандары шамамен 15 пациенттің үйіне барып, ағзадағы қанын тазалап отырады.

Енді науқастарға ем-домның қолжетімділігі артады. Елде нефрологиялық көмектің жаңа стандарты бекіді. Ол емханадағы алғашқы диагностикадан бастап, диализге жылдам өту мен трансплантацияға дейінгі бірыңғай жолды реттейді. Ал «Е-Денсаулық» цифрлық жүйесі арқылы дәрігерлер пациенттің қай өңірде және медициналық ұйымда емделгені жайлы тиісті құжатқа кедергісіз қол жеткізе алады. Басты міндет – бүйрек ауруларын ерте анықтап, үздіксіз емді қамтамасыз ету. Осы мақсатта қазір медициналық көмек көрсету стандарты жетілдіріліп жатыр. Мамандандырылған орталықтар дамып, тиісті кадрларды даярлау ісі қолға алынды. Бүгінде резидентурада 50-ден астам болашақ нефролог білім алады. Сондай-ақ биылғы оқу жылында тағы 12 маман даярлау жоспарланды.

Бүгінде 14 мыңнан астам науқас диализдік ем қабылдайды. Ал бүйрек трансплантациясын күту кезегінде 4220 науқас тұр. Олардың 86-сы – бала. Биылғы 9 айда ағза алмастыру бойынша 149 операция жасалды, оның 14 жағдайындағы ағзалар мәйіттен алынған.

Назгүл Жілгелдина, ҚР ДСМ Транспланттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру орталығы директорының орынбасары:

- Қазақстанда 7 трансплантация орталығында бүйрек трансплантациясы өткізіледі. Ол хирургия Сызғанов атындағы Алматыда, ЮМС Астанада, онкологиялық орталық Астанада, ал қалаларда Шымкентте қалалық №1 ауруханада, Қызылордада көпбейінді облыстық емханада, Ақтөбеде орталықта және Түркістанда өткізіледі.

Диализ уақытша шешім. Науқастардың қалыпты өмірге оралуының жалғыз жолы – трансплантация. Ал қабылданған дәл осы жаңа стандартта донорлық мәдениетті дамыту тетігі де қарастырылған.

Авторлары: Альмира Оразабай, Мадияр Қындыбаев

Сондай-ақ оқыңыз: