Қазақстан табысты елдер қатарына қосылады

Қазақстан табысы жоғары елдердің қатарына қосылады. Ең бастысы өсіп келе жатқан экономиканың қажеттіліктерін қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту қажет.

Бұл туралы 24KZ арнасына берген сұхбатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Жаһандық байланыстар хатшылығы Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон айтты. 

Сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген басым бағыттарға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, басты міндет – осы салаларға инвестиция тартумен қатар, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану.

Уильям Томпсон, ЭЫДҰ Жаһандық байланыстар хатшылығы Еуразия бөлімінің басшысы:

- Алдағы бірнеше жылда Қазақстан табысы ортадан жоғары елдер санатынан табысы жоғары мемлекеттер қатарына өтуі мүмкін. Мұндай экономиканың тұрақты дамуы үшін тиісті инфрақұрылым қажет. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Қазақстанмен сауда және көлік байланыстарын нығайту, инфрақұрылымдық саясат пен оны басқару жүйелерін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізді. Біздің негізгі ұсынысымыз  – қаржы мен инвестиция тарту ғана емес, сол қаражаттың барынша тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

Сондай-ақ Уильям Томпсон Президент Тоқаевтың сирек кездесетін металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесін құру жөніндегі тапсырмасына тоқталды. Сарапшының айтуынша, бұл саладағы даму еліміздің әлемдік стратегиялық шикізат нарығындағы орнын нығайтады. «Алдағы уақытта мұндай ресурстарға сұраныс қарқынды өседі», – дейді ол

Уильям Томпсон, ЭЫДҰ Жаһандық байланыстар хатшылығы Еуразия бөлімінің басшысы:

- Қазақстанның цифрлық технологиялар мен энергетикалық ауысымға қажетті минералдық ресурстар саласында әлеуеті зор. Алдағы уақытта оларға деген сұраныс күрт артады. Бұл тұрғыда Қазақстанның мүмкіндігі ерекше. Экономикасы көмірсутек шикізатына негізделген ел бүгінде жаңа бағытқа бет бұрып, аса маңызды минералдық шикізат түрлерін жеткізуші мемлекетке айнала алады. Осы орайда біздің ұйым Қазақстанға сирек кездесетін және стратегиялық маңызы бар минералдарды тасымалдау жолдарын дамыту бойынша сараптамалық және консультациялық қолдау көрсетіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: