Цифрлы Қазақстан: Жетістіктер мен алдағы міндеттер
Бүгінде елдегі цифрландыру үрдісі қарапайым халықтың күнделікті өмірін едәуір жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтерді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі департамент директоры Қуаныш Дастанбек «24KZ» арнасының студиясында айтып берді.
Қазіргі таңда бір ғана ұялы телефон мен екінші деңгейлі банктердің платформалары арқылы кез келген анықтаманы лезде алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ барлық құжаттар цифрлық форматқа көшті. Бұл – тек адамның уақытын үнемдеп қана қоймай, қағазбастылықты жойып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз ететін маңызды қадам, – деді Қуаныш Дастанбек.
Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта «eGov» және «eGov Mobile» қосымшалары белсенді қолданыста. Мысалы, биылғы 10 айдың өзінде веб-сайт арқылы 52 миллионға жуық, ал мобильді қосымша арқылы 32 миллионға жуық анықтама берілген. Бұл платформаларға жасанды интеллект (ChatGPT) элементтері енгізіліп, кәсіп ашқысы келетін азаматтарға нақты қадамдық нұсқаулықтар алуға жағдай жасалған. Қазақстан бұл бағытта әлемдік озық тәжірибелерді енгізу жағынан біршама алда келе жатқан елдердің қатарында.
Ғылым саласында да жасанды интеллект кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, Ғылым академиясы “AI for Science” жобасын жүзеге асыруда. Бұл ғалымдардың айлап немесе жылдап жасайтын зерттеу жұмыстарын, ақпарат іздеу мен талдау процестерін бірнеше минутқа қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Энергетика министрлігімен бірге “AI for Energy” орталығы ашылып, қалалардың энергетикалық жүйелерін цифрландыру және “цифрлық егіздерін” жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді сарапшы.
Сұхбат барысында цифрлық сауаттылықты арттыру және киберқауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады. Маманның айтуынша, барлық мемлекеттік платформалар мен бағдарламалар қатаң сертификаттаудан өтіп, азаматтардың жеке мәліметтері мен биометриялық деректері қауіпсіз қорғалған жүйеде сақталады. Цифрлық технологияларды толық меңгеру – заман талабы, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар мектеп қабырғасынан бастап жүйелі түрде жүргізіліп келеді.