Қоқысқа ең көп тасталатын тағам нан және нан өнімдері: ас атасының қадірін біліп жүрміз бе?

Нанның адамзат үшін маңызы ерекше. Ас атасын құрметтемейтін халық жоқ. Алайда соңғы кездері, әсіресе қалалық жерлерде нанды қоқысқа тастау, оны аяқ асты ету секілді оғаш қылықтар көп кездесіп жатады. «Ал бұл – келешек ұрпақтың тәрбиесіне кері әсер ететін әрекет», – дейді қоғам белсенділері.


Нанды қастерлеу жайлы қазақтың салтында да, діни наным-сенімдерінде де көп айтылады. Өскелең ұрпақты да үлкендер осы күнге дейін ас атасын қадірлеуге түрлі жолдармен үйретіп келді. Оның бір ғана дәлелі, «Нан қоқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар» деген шумақтар санамызда әлі сайрап тұр.

Десе де соңғы кезде ас атасының қадірін білмей, аяқ асты ететін жағдайлар жиі кездесетін болды. Әсіресе қоғамдық тамақтану орындары мен үлкен мейрамханалар нанды қоқысқа тастайды дегенді көп естіп жүрміз. Ал қоқыс жәшігіне түскен нан тұрмыстық қалдықтармен бірге қала сыртындағы полигоннан бір-ақ шығады. Себебі оны кәдеге жарататын өндіріс ошақтары жоқ. Ал осы көріністі көріп өскен ұрпақ қандай болмақ?

Жарқынбек Амантайұлы, Құрылтай депутаты:

– Мысалы, ірі мейрамханалар, асханалар соның жанында қоқыста үйіліп жатқан азық-түлік, нандарды біздің балалар қалыпты жағдай ретінде көріп өсіп жатыр. Бұл да осы дүниенің қадіріне жетпеуге алып келмей ме деген үрей бар кәдімгідей. Астың қай түрі болсын ысырапқа түспеу керек. Бұл – адамның, қоғамның мәдениетінің көрсеткіші. Қаншалықты қоқыста ысырап болған ас көп болса, соншалықты мәдениетсіздігіміз және қолда бар жауһарымыздың, молшылығымыздың қадірін білмейтіндігіміздің көрсеткіші.

Ал нанның дастарқанға келу жолы оңай емес. Оның артында диқандардың ала жаздайғы маңдай тері, ерте көктемнен бастап қара күзге дейінгі тынымсыз тірлігі мен табиғаттың сан түрлі сынағы, қала берді миллиондаған қаржысы жатыр. Одан бергісі наубайханашылардың түні бойы көз ілмей, сіз бен біз таңғы асқа «ыстық нан жесінші» деп тырысқан есіл еңбегі тағы бар.

Айдос Алтай, агроном:

– Егін егудің алдында, біріншіден, жерді, яғни алқапты дайындаймыз. Ол үшін жерді жыртып, тыңайтқыштар береміз. Содан кейін егін егуді бастаймыз. Егін егілгеннен кейін, дән шыға бастаған сәттен бастап, тамыз айынан бастап үш айға жуық уақыт бойы оның күтімін жасаймыз. Соның ішінде химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп, тыңайтқыштар береміз. Дақылымыз толық пісіп, жинауға дайын болғаннан кейін, оны оруға кірісеміз. Орып болғаннан кейін, ең алдымен, өнімді сақтайтын орын болуы керек. Сол жерге апарып сақтаймыз. Егер өнімнің ылғалдылығы жоғары болса, оны жай ғана сақтап қоймай, кептіру жұмыстарын жүргіземіз. Кептіргеннен кейін өнімді нан өндіретін зауыттарға жеткізіп, өткіземіз.

Халықаралық ұйымдар мен экологтардың есептеуінше жыл сайын елімізде мыңдаған тонна нан қоқысқа кетеді. Ал әлем бойынша жылда 1 млрд тоннадан астам азық-түлік ысырап болады. Сол қоқысқа ең көп тасталатын тағамдардың көш басында өкінішке қарай нан және нан өнімдері тұр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Арман Ақшабаев

Сондай-ақ оқыңыз: