Ұлттық компаниялардағы миллиардтар қайда жұмсалғанын халық білуі керек - заңгер
«Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуын заң мен тәртіп қағидасының маңызды көрінісі ретінде бағалауға болады. Алайда мұндай істерде тергеу мен сот процесінің нәтижесі, мемлекетке келтірілген залалды толық өтеу және кінәлілердің заң алдында жауап беруі маңызды. Бұл туралы заңгер Арыс Данағатов «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Сарапшының пікірінше, мемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін ең алдымен тәуелсіз директорлар институтын дамыту қажет.
Ұлттық компаниялардың қаржысына қатысты ашықтықты қамтамасыз етіп, бюджет қаражатының әр тиыны қайда және қандай мақсатта жұмсалғанын қоғамға көрсету керек, - деді Арыс Данағатов.
Заңгер қоғам сенімін қалыптастыруда сот процестерінің ашықтығы да айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, тергеу құпиялығы сақталғанымен, сот шешімдері мен олардың орындалуы туралы ақпарат халыққа қолжетімді болуы тиіс.
Сарапшы мұндай ашықтық сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпайтынын көрсетіп, заң бұзуға ниетті адамдарға ескерту болатынын айтты.