Астанада жас отбасыларды қолдау орталығы тегін кеңестер өткізеді: Қандай көмек алуға болады?
Бүгінгі таңда елімізде отбасы институтын қолдау, әлеуметтік көмек көрсету және отбасылық жанжалдардың алдын алу жұмыстары маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Елордадағы отбасыларды қолдау шаралары мен «Жанұя» орталығының қызметі туралы Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының бөлім басшысы Әйгерім Бөлекова «24KZ» арнасының студиясында айтып берді.
Біздің орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға заңгерлік, психологиялық қолдау және отбасы институтын нығайтуға бағытталған жан-жақты әлеуметтік көмектер көрсетеді. 2019 жылдан бері 21 931 отбасы жүгініп, олардың ішінде 1 077 отбасы әлеуметтік сүйемелдеуге алынды. Бүгінде 991 отбасының сүйемелдеу жұмыстары сәтті аяқталып, қазіргі уақытта 86 отбасы біздің бақылауымызда тұр, – деді Әйгерім Бөлекова.
Орталық мамандарының айтуынша, азаматтар көбінесе отбасылық жанжалдар, түсініспеушіліктер, ажырасу, алимент өндіру, тұрғын үй, жұмыссыздық және қаржылық қиындықтармен жүгінеді. Орталықтың басты ерекшелігі – тек кеңес беріп қана қоймай, мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге көмектесіп, басқа да мемлекеттік органдармен тығыз байланыста кешенді жұмыс жүргізуінде.
Отбасындағы кикілжіңдер мен ажырасудың алдын алу үшін біздің психологтар түрлі тренингтер мен мастер-майнд ойындарын ұйымдастырады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта барлық отбасылық қолдау орталықтарында некеге дейінгі оқыту бағдарламасы іске асырылуда. Ол жерде заңгер мен психолог қызметінен бөлек, қаржылық сауаттылық пен репродуктивтік денсаулық бойынша да оқыту жүргізіледі. Бұл курстарға жас жұптар мен некеде тұрғанына 5 жылдан аспаған отбасылар тегін қатыса алады, – деп атап өтті бөлім басшысы.
Сондай-ақ мамандар қиындыққа тап болған жағдайда ұялмастан көмекке жүгіну керектігін еске салады. Қазақстан бойынша отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 111 байланыс орталығы бар, ал өмірге қауіп төнген жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласу қажет.