Әскерден оралған сарбаздарға 1 040 білім беру гранты бөлінді 

gov.kz

2025 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылған мерзімді әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарынан 1 040 орын бөлінді. Оның 800-і мемлекеттік білім беру гранты болса, 240-ы күштік құрылымдардың жоғары оқу орындарындағы орындар, деп хабарлайды «24KZ».

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мәселе Астанада өткен ведомствоаралық комиссия отырысында қаралды. Жиынға Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков, Қорғаныс министрінің көмекшісі – Бас инспектор Айгүл Төлембаева, Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев қатысты.

Сондай-ақ отырысқа Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері қатысты.

Бөлінген 1 040 орынның 800-ін Ғылым және жоғары білім министрлігі мемлекеттік грант түрінде ұсынды. Қалған 240 орын күштік құрылымдардың жоғары оқу орындарына тиесілі.

Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары, майор Людмила Перякинаның айтуынша, үміткерлерді іріктеу «Срочники 2.0» платформасы арқылы цифрлық форматта өткізілген.

Жас азаматтар үшін бұл – әскери қызметін аяқтағаннан кейін білімін жалғастырып, сұранысқа ие мамандықты меңгеруге берілген жақсы мүмкіндік. Үміткерлердің рейтингін қалыптастыру кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртіп деңгейі, қызметтік міндеттерін орындау сапасы, психологиялық даярлығы және тестілеу қорытындылары ескерілді. Осы көрсеткіштер негізінде жауынгерлік сайыстың қорытындысы бойынша білім беру гранттарына ие болғандар анықталды, – деді майор Людмила Перякина.

Конкурстық іріктеуге 160 әскери бөлімнен 8 823 әскери қызметші қатысты. Байқау қорытындысы мен жеңімпаздардың сертификаттары «Срочники 2.0» платформасында жарияланды.

Қорғаныс министрлігінің әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған бұл бастамасы заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Жоғары оқу орындарына түсетін әскери қызметшілерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, оқудың алғашқы жылында жатақханадан басымдықпен орын беріледі және шәкіртақы төленеді,-делінген хабарламада.

Жобаны іске асыруға Құрылтай депутаттары Нұргүл Тау мен Олжас Құспеков те қолдау көрсетті. Олар білім беру жеңілдіктерін енгізуге қатысты практикалық мәселелерді шешуге атсалысқан. Депутаттар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру бағыттарының тізімін кеңейтуді де қолдап отыр.

Қазір мерзімді әскери қызметін аяқтаған жастарды даярлау бес бағыт бойынша жүргізіледі. Олар – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс мамандықтары, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария, сондай-ақ қызмет көрсету саласы.

Сондай-ақ оқыңыз: