Қызылорда облысында уылдырық шайқау цехы салынады

Бұл жоба өңірдің балық шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Мұнда жыл сайын тұқы, дөңмаңдай мен ақ амурдың миллиондаған дернәсілі өсіріледі, деп хабарлайды 24KZ.

«Одан бөлек, бұл жоба Қызыл кітапқа енген сирек балық түрлерін сақтап қалуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Қосжар ауылындағы уылдырық шайқау цехы 1966 жылы ашылды. 2003 жылы Израильдің заманауи инкубациялық аппараттарымен қайта жабдықталды. Мұнда жыл сайын тұқы, дөңмаңдай және ақ амур балықтарының 50 млн дернәсілі дайындалып, арнайы тоғандарда өсіріледі.

Адай Ерәлиұлы, «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК балық өсірушісі:

– Негізінен, біздің технологиямыз зауыттық әдіспен өнім алуға негізделген. Яғни, мамыр айында қыстық тоғандардан аталық және аналық балықтарды алып келіп, гипофизді егу арқылы өнім аламыз. Содан кейін, міне, алдарыңызда тұрған аппараттарда уылдырық шайқалып, дернәсілдер пайда болады. Сол дернәсілдерді 20 грамдық шабаққа дейін өсіреміз.

Мамандардың айтуынша, жыл сайын тоғанда өскен 12 млн-нан астам шабақ Арал теңізі мен өзен-көлдерге жіберіледі. Дегенмен тұқымбақ мамандары Қызыл кітапқа енген балық түрлерін де көбейтуді қолға алмақ. Осыған байланысты уылдырық шайқау цехын кеңейту көзделіп отыр. Ол үшін жаңа ғимарат салынады. Бүгінде жаңа цехтың сметалық құжаты толық әзірленді.

Есенбай Есіркепов, «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК директоры:

- Бұл заманауи инкубациялық цех болады. Ондағы аппараттар біздегіден өзгеше, сондай-ақ УЗВ жүйесі орнатылады. Яғни, тұйықталған су айналымы жүйесі арқылы балықты жыл он екі ай бойы өсіруге мүмкіндік болады деп ойлаймын. Қазіргі таңда сметалық жобасы жасалып, мақұлданды, қажетті құжаттарымыз бар. Негізінен, қазір сол құжаттар бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Келісімін алсақ, келесі жылы құрылысы басталады. Жоба бойынша құрылыс жұмыстарын алты айда аяқтау жоспарланған.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– «Уылдырық шайқау цехы кеңейтілген жағдайда оның өнімділігі екі есеге дейін артады», – дейді мамандар. Сонымен қатар Арал қаязы, Арал пілмайы секілді Қызыл кітапқа енген балықтарды көбейтуге мүмкіндік тумақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Сондай-ақ оқыңыз: