Желідегі балағат сөз иесі жазасыз қалмайды
Қазақстанда интернеттегі балағат сөздер мен тікелей эфирдегі әдепсіз әрекеттерге қатысты жауапкершілікті күшейту ұсынылды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір мұндай құқықбұзушылықтар үшін айыппұл салынып, әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Нәзерке Алтынбек инстаграм парақшасын бірнеше жыл бұрын белсенді жүргізіп бастады. Кейінгі айларда оның контентін 2 миллионға жуық адам көрді. «Желіде жақсы қаралым жинайтын блогер, жұрт алдындағы жауапкершілікті жақсы сезінемін», – дейді.
Назерке Алтынбек, блогер:
– Балағат сөз қолданатын блогерлер менің алдымда өте төмен. Себебі бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кез келген жастағы адамның қолында қазір телефон бар. Әдепсіз контент жастардың сөйлеу манеріне тікелей әсер етеді деп ойлаймын.
Жаңа әкімшілік кодекс жобасында екі бапқа өзгеріс енгізу көзделген. Енді онлайн-платформалардағы жала үшін 778 500 теңге айыппұл немесе 20 тәулікке дейін қамау қарастырылады. Ал әлеуметтік желіде балағат сөз айту ұсақ бұзақылыққа теңестіріліп, 86 500 теңге айыппұлдан 15 тәулікке дейін қамау жазасы ұсынылып отыр. «Бұл жағдай бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейеді», – дейді мамандар.
Григорий Громов, заңгер:
– Біздің заңнамаға енгізілетін жаңа түзетулер әлеуметтік желідегі балағат сөзді де ұсақ бұзақылыққа жатқызады. Яғни балағат сөз нақты бір адамға бағытталмаса да, жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Ал қорлау фактісін дәлелдеу үшін скриншот пен бейнежазбаны сақтап, тиісті тәртіппен тіркеу қажет. Оны арнайы филологиялық сараптама анықтайды.
Бұл мәселеге қатысты қоғам пікірі де әртүрлі. Бірі әлеуметтік желіде тәртіп пен мәдениетті күшейту қажет десе, енді бірі жазадан бұрын адамдардың санасы мен сөйлеу әдебін қалыптастыру маңызды екенін айтады.
Желіде жазылған пікір кейін өшірілсе де, оның скриншоты немесе экран жазбасы дәлел бола алады. Дегенмен жауапкершілікке тарту үшін пікір авторы мен құқықбұзушылық фактісі анықталуы керек. Ал сын айту мен наразылық білдіруге заңмен тыйым салынбайды.