Үш жылда 300 мыңнан астам балаға көмек көрсетілді
Қазақстанда соңғы үш жылда енгізілген жаңа цифрлық құралдардың арқасында өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе құқығы бұзылған 300 мыңнан астам бала анықталып, оларға көмек көрсетілді. Бұл туралы Құрылтайда өткен Үкімет сағатында Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге және қорғауға бағытталған барлық қажетті заңдар мен бағдарламалар қабылданып, тиісті инфрақұрылым мен институционалдық жүйе құрылды.
Атап айтқанда, барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар мен психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Балалар құқықтарын қорғау қызметкерлерінің мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
Сонымен қатар елімізде 160 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, олардың қызметіне FSM Social жүйесі енгізілді. 111 мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды. Барлық мектепте әрбір баланың қорғау қызметтеріне тікелей жүгінуіне мүмкіндік беретін QR111 жүйесі, ал тәуекелдерді ерте анықтау үшін «Balazhan» платформасы енгізілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда балаларға қатысты аса ауыр қылмыстар саны азайды. Жекелеген баптар бойынша төмендеу көрсеткіші 54%-ға жеткен.