Онлайн ойындар мен маркетплейстерге жаңа талап: Балалардың цифрлық қауіпсіздігі қалай қорғалады
Қазақстанда балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін күшейту үшін онлайн ойындар мен маркетплейстерге жаңа ережелер енгізілмек. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында вице-спикер Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
«Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы кәмелетке толмағандарды қорғауды күшейту үшін цифрлық және ақпараттық ортаны кешенді реттеуге бағытталған.
Негізгі жаңашылдықтар:
Ойындарға таңбалау енгізіледі
Онлайн ойындарды қоса алғанда, барлық цифрлық өнімдердің мазмұнын міндетті түрде таңбалау талабы енгізіледі. Онда ойын ішіндегі сатып алулар, пайдаланушылар арасындағы байланыс және хат алмасу мүмкіндіктері сияқты ықтимал цифрлық қатерлер туралы мәлімет болуы керек. Уәкілетті мемлекеттік орган мұндай өнімдерді міндетті тексеруден өткізіп, мониторинг жүргізеді. Талап бұзылса, өнімге, қосымшаға немесе ойынға кіруді шектеу, жою және бұғаттау тетіктері іске қосылады.
Маркетплейстердегі сауда бақыланады
Дәл осындай тәсіл кәмелетке толмағандардың электрондық сауда алаңдарында тауар сатып алуын реттеуге де қолданылмақ.
Барлық платформаға «Ата-ана бақылауы»
Заң жобасында барлық цифрлық платформаларда «Ата-ана бақылауы» тетігін енгізу көзделген. Яғни таңбаланбаған және тексерілмеген қосымшалар мен ойындар балаға қолжетімсіз болады.
Балалар ID-картасы
Заң жобасында баланың жеке басын сенімді түрде анықтауға мүмкіндік беретін фотосуреті бар балалар ID-картасын енгізу ұсынылды. Ол 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарды қолдаудың бірыңғай цифрлық маршрутының негізі болады және мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұл – AI-Quryltai зияткерлік ортасында әзірленген алғашқы заң жобасы. Платформаға заңнамалық ойлау қабілеті бар жасанды интеллект моделі кіріктірілген. Динара Зәкиева атап өткендей, ЖИ ұсынған барлық ұсыныстар депутаттар мен сарапшылардың қосымша тексеруінен өтті.