Қазақстан жол құрылысына шетелдік технологиялар енгізілмек
Қазақстанда жол инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін жасанды интеллект, интеллектуалды көлік жүйелері және жаңа құрылыс материалдарын енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл бағыттағы жаңашылдықтар «KazTraffic 2026» көрмесі аясында өтіп жатқан «Жолдар және инновациялар» ғылыми-практикалық конференциясында қарастырылуда. Жиынға 300-ден астам бизнес және жол саласының өкілі қатысып жатыр. Бұл туралы 24KZ телеарнасында айтылды.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты орталығы директорының орынбасары Әсел Нұғманованың айтуынша, биыл конференция екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы ерекшелігі – ғылыми баяндамалармен қатар стратегиялық сессиялар мен бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар арасындағы іскерлік кездесулер өткізіледі.
Биыл конференция төрт негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – жол саласын цифрландыру, жасанды интеллект құралдары мен интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу. Екіншісі – цементобетон және асфальтобетон жабындарына арналған жаңа технологиялар мен материалдар. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру тетіктері талқыланады, – деді Әсел Нұғманова.
Конференцияға Қытай, Ресей, Германия және Оңтүстік Кореядан келген мамандар қатысып жатыр. Шетелдік сарапшылармен бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру да жоспарланған. Атап айтқанда, Zhanstu Transportation Institute ұйымымен жоғары модульді асфальтобетон бағытында зерттеу жұмысын бастау көзделген.
Маманның айтуынша, жол сапасын жақсарту үшін халықаралық тәжірибені зерделеп, заманауи сынақ әдістері мен озық технологияларды меңгеру маңызды. Осы ретте институт жол саласындағы бірнеше ақпараттық жүйені дамытып жатыр.
Қазір институт үш ірі ақпараттық жүйемен жұмыс істеп жатыр. Олар – жол материалдарының бірыңғай базасы, көпірлерді пайдалануды бақылау жүйесі және «Жолшы» ақпараттық базасы. Соңғысында жол саласындағы мамандар туралы мәліметтер жинақталады, – деді ол.
Айта кетейік, «Жолдар және инновациялар» конференциясы 18-20 қараша аралығында өтеді. Жиынның негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, ғылыми зерттеулерді дамыту және Қазақстанның жол инфрақұрылымына заманауи технологияларды енгізу.