Студенттердің шәкіртақысы алдағы уақытта тағы өсуі мүмкін

фото: ЖИ

Қазақстанда соңғы жеті жылда бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 2,5 есе, магистранттардыкі 2,2 есе, докторанттардыкі 3 есе өсті. Алдағы уақытта да төлем көлемін арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің басқарма басшысы Жандәулет Құдайбергенов 24KZ эфирінде айтты.

Оның сөзінше, шәкіртақы көлемін ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаржы министрлігімен қажетті есептеулер жасалған. Қазір қосымша бюджет сұрау мәселесі пысықталуда. Мемлекеттік органдармен келісім аяқталған соң министрлік бұл жөнінде хабарлайды.

Шәкіртақы мөлшері соңғы жылдары бірнеше рет көтерілген. 2018–2019 жылдардан бастап бакалавриат студенттерінің төлемі 20%, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15% ұлғайтылған.

Қазіргі өмір сүру шығындарын ескерсек, шәкіртақының жеткіліктілігі әрдайым өзекті мәселе. Сондықтан оны арттыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр, – деді Жандәулет Құдайбергенов.

Сонымен қатар, студенттерге мемлекеттік гранттан бөлек қолдау көрсетудің бірнеше тетігі бар. Оның ішінде әкімдіктер бөлетін гранттар, университет ректорларының гранттары, сараланған гранттар және білім беру кредиттері қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз: