Балабақшада ваучерлік жүйе енгізілгелі 2,8 млрд теңге үнемделді
Алматыда 2030 жылға дейін 48 жаңа мемлекеттік балабақша салынады.
Бұл орын тапшылығын 16 мыңға азайтады, дейді жауаптылар. Балабақшаларда ваучерлік жүйе енгізілгелі 2,8 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді. Қазір педагогтер білім беру барысында цифрлық технологияларды қолдана бастады.
Алматыда бүлдіршіндерді цифрлық экожүйеге кішкентайынан баулу қарастырылып жатыр. Қазір қаладағы 9 балабақшада робототехника кабинеті бар. Соның бірі №189 балабақшада ашылған. Әрине университет зертханасымен салыстыруға келмейді. Дегенмен, қарапайым механизмдерді құрайды. Түрлі тапсырмаларды орындап, логикасы мен инженерлік ойлау қабілетін дамытады.
Қымбат Слямова, №189 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:
- Біздің балабақшамыз заманауи технологиямен толық жабдықталған. Робототехника кабинетіміз бар. Психолог және логопед мамандарымыз жаңа технологияларды қолданады. Мәселен, психологтың кабинетінде смарт айна болса, логопедіміз арнайы сенсорлы құрал арқылы жұмыс істейді.
2023 жылдан бері меңгерушілер мен тәрбиешілер шетелге тәжірибе алмасуға жіберіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 100-ден аса маман Ұлыбритания, Қытай, Сингапур, Германиядан тағылымдамадан өтті. Мысалы, мына балабақша Оңтүстік Кореяның тәжірибесін таңдапты.
Ақгүл Жұбандықова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті педагогика және психология факультетінің деканы:
- Сол іс-тәжірибелерін осы Қазақстанның балабақшаларына қазіргі таңда енігізіп жүр. Оның дәлелін біз осындай семинарлардан көріп жатырмыз. Күнделікті біздің студенттерімізді практикаға жібереміз. Практикадан да көріп жатырмыз.
Қалада мектепке дейінгі мекемелердің саны артып келеді. Биыл 9 мемлекеттік, 51 жекеменшік балабақша ашылды. Ал 2030 жылға дейін 16 мынан аса орынға арналған тағы 48 үкіметтік балабақша ашу жоспарланған. Былтыр шілде айында ваучерлік жүйе енгізілді. Ата-ана балабақшаны өзі таңдап, баласының баруына қарай ақша төлейді. Ваучер енгізілгелі Алматы бюджетінен 2,8 млрд теңге үнемделіпті.
Мираш Доскеева, білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы:
- Ваучерлік жүйе дегеніміз - ол қаражат баланың артынан жүреді. Қазіргі уақытта ол ата-аналарға ыңғайлы. Біріншіден, мемлекеттік органдармен тікелей қарым-қатынас жоқ. Ата-ана өзі жүйеге кіреді, өзі жолдама алады. Бала балабақшаға келген жағдайда, балаға қаржыландыру жүреді.
Кейбір педагогтер оқу үдерісінде жасанды интеллектіні қолданып жүр. Мәселен, балалар салған сурет шынайы кейіпкерге айналады. Яғни өздерінің тырнақалды туындыларын жасанды интеллектіге енгізіп, 3D-голограмма көмегімен мультфильм жасайды.
Авторлары Ернұр Рысбай, Сержан Жұмабаев