Елімізде оқушылардың 90% спорт үйірмесіне барады
Елде мектеп оқушыларының 90 пайызы спорт үйірмесіне барады. Мемлекет балалар спортын бұқаралық деңгейде дамытуға ден қойды. Спорт клубтарының көбі мемлекеттік қаржыландыру есебінен жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 30-дан астам клуб жасөспірімдерді тегін қабылдайды. Жалпы өңірдегі 1600 спорт нысанында 18 мың бала жаттығып жүр.
Бүгінде жастар үшін бұқаралық спорт қолжетімді. Еліміздің әр түкпірінде көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында былтыр 24 спорт нысаны бой көтерсе, биыл 9 нысанның құрылысы аяқталады. Спорт инфрақұрылымы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қарқынды дамуда. Кәсіпкер Алмас Нұрсейітов 250 миллион теңгеге спорт кешенін салды. Мұндағы барлық секция тегін. Әр балаға мемлекет тарапынан 25 мың теңге көлемінде ваучерлік қаржыландыру қарастырылған.
Алмас Нұрсейітов, кәсіпкер:
– Біздің залдағы әртүрлі үйірмеде, көркем гимнастика, карате, волейбол болсын қаржыландырудың арқасында баланың саны көбейді. Бұл балалар үшін де үлкен мүмкіндік және ата-аналарға қаржы ретінде үлкен көмек болады.
Қала мен шалғай аудандардағы бассейндер де лық толы. Қазір бапкерлер болашағынан үміт күттіретін жастарды іріктеп жатыр. Шығыс Қазақстан облысының жүзушілері биыл жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының үздік спортшылары қатарына енді.
Айдын Дуанов, бапкер:
– Шығыс Қазақстан бойынша біздің бассейн ең үлкені, ұзындығы 50 метрге жетеді. Көптеген спортшылар даярлаймыз. Әр жыл сайын біздің спортсмендер көптеген жетістіктерге жетіп жатыр және де 7 мен 9 жас арасындағы балалардың қатысуға мүмкіншіліктері мол болады.
Еліміздің шығысында спортшылар династиясы да қалыптасып келеді. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова жастарды үлкен жарыстарға дайындаумен айналысуда. Шәкірттерінің арасында жеңіл атлетикамен айналысатын ұлы Кирилл де бар. Жас спортшылар бұдан да жылдам жүгіріп, биікке секіріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізуге дайын. Шығыс Қазақстан облысынан 660 спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді.
Асқар Можанов, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
– Бізде 700-ден астам бала жаттығатын футбол орталығы бар. Онда ерекше жағдайды қажет ететін қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтар да келеді. Мәселен, осындай жағдай жасалуының арқасында спортпен айналысып, шеберлігін шыңдаған пара теннисшіміз бүгінде Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Бүгінде 228 мың бала 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысады. Бұл үйірмелер жастардың 34 пайызын қамтиды. Ал салалық министрлік 2029 жылға қарай спортпен тұрақты айналысатын балалар мен жасөспірімдердің үлесін 45 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Дмитрий Пыхтин