Құрылтай медициналық деректерді біріктіретін заң жобасын мақұлдады

Енді бір ауруханадан екіншісіне рентген мен МРТ нәтижесін арқалап барудың қажеті болмайды. Барлық медициналық дерек бір базаға жиналады. Ауылдағы науқастың жағдайын Астана мен Алматының білікті мамандары қашықтан көріп, консилиум жасай алады. Құрылтай тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұдан бөлек, емделушілер өзінің электрондық медициналық картасын кімнің қарағанын және онда қандай әрекет жасалғанын бақылай алады, деп хабарлайды 24KZ.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

– Шалғай ауданда түсірілген МРТ нәтижесін елордадағы дәрігер емделуші жолға шықпай-ақ көре алады. Ол үшін ауруханалардың ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру ұсынылып отыр. Бұл дәрігерлерге бұрынғы тексеру нәтижелерін қарап, өзара кеңесуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде емделуші бір тексеруден қайта өтуге мәжбүр болмайды. Сонымен қатар диагноз бен тексеру нәтижелері сияқты жеке мәліметтердің құпиялығы сақталады. Осылайша, азаматтардың жеке медициналық деректерін қорғау күшейтілмек.

Қазір медициналық ұйымдар әртүрлі ақпараттық жүйені пайдаланады. Заң жобасы сол жүйелерді өзара байланыстырып, дәрігерлердің медициналық ақпарат алмасуын жеңілдетуді көздейді. Осыған сай электрондық денсаулық сақтау платформасының жұмыс тәртібі нақтыланып, емделушілердің жеке медициналық деректерін қорғау талаптары жетілдіріледі. Одан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінде бірыңғай медициналық-талдамалық деректер базасы құрылып жатыр.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

– Қазір денсаулық сақтау министрлігі медақпараттық жүйелердің бір-бірімен ақпарат алмасу жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы жылдың ішінде 23 бірыңғай деректерді сақтайтын мемлекеттік ақпараттық жүйелер сонымен қатар жеке меншік ұйымдардың ақпараттық жүйелерін біріктіруді аяқтап жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін бітеді. Кеше жылдан юастап енгізілетін болады.

Сонымен қатар енді емделушілер өзінің электрондық медициналық картасын кімнің қарағанын және онда қандай әрекет жасағанын бақылай алады. Демек азаматтардың мобильді қосымшалардан өздеріне қандай медициналық қызметтің көрсетілгенін бақылауға мүмкіндігі бар.

Ләззат Жылқыбаева, Құрылтай депутаты:

– Медициналық бейнелердің бірыңғай базасын құру, зертханалық және радиологиялық жүйелерді құру бұл жай ғана техникалық жаңғырту емес. Қарапайым пациент үшін бұл басқа өңірге көшкен кезде не республикалық орталыққа жолдама алған жағдайда ақылы тексерулерден қайта өту өзімен бірге медициналық құжаттардың қалың бумасы не дискілерді өзімен бірге тасып жүру қажет болмайды. Еліміздің кез-келген өңіріндегі дәрігер науқас туралы толық ақпаратты жедел көре алады.

Бұл тұста депутаттар емделушілердің дербес деректерін қорғау күшейтіледі деп отыр. Медицина қызметкерлері электрондық жүйелерге енгізетін ақпараттың дұрыстығына жауапты болады. Саладағы тағы бір маңызды өзгеріске тоқталсақ. Заңнамада алғаш рет «медициналық туризм» және «медициналық турист» ұғымдары бекітіледі.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Санжар Біргебаев

Сондай-ақ оқыңыз: