«Нұр Жолы» бекетінде көлік кептелісі бәсеңдеді

Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы» өткізу бекетінде көлік кептелісі бәсеңдеді. Біраздан бері қаңтарулы қалған темір тұлпарлар бүгінде бұл жолға балама «Қорғас» арқылы өткізіліп жатыр. Сондай-ақ кедендік рәсімдер мен ақпарат алмасу едәуір жеңілдеген. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін дамыту тапсырмасы аясында іске асты, деп хабарлайды 24KZ.


Бұл – «Нұр Жолы» өткізу бекеті. Қытаймен шекарада 5 мыңнан астам жеңіл автокөлік қалып қойған. Олардың кейбірі бір айдан бері қаңтарулы тұр. Қазір көрші елден келетін көліктердің бір бөлігі «Қорғасқа» бағытталып жатыр. Соның арқасында кедендегі жүктеме азайып, ұзын-сонар кезек сейілді.

Нұржан Сұлтаналиев, «Қорғас» ШЫХО АҚ басқарма төрағасы:

– Мамыр айынан бастап Қытай тарапымен трансшекаралық тасымалдың жаңа моделін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп келеміз. Оның аясында автокөлік ағынын «Нұр Жолы» өткізу пунктінен «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығына бағыттау көзделген. Қытай тарапы бұл бастаманы қолдап, қыркүйек айында пилоттық жобаны іске асыруға кірісті. Қазан айында жаңа бағыт арқылы тәулігіне 1 100-ден астам көлік өтті.

Көлік ағынының артуы жүк тасымалының қымбаттауына әсер етеді. Жыл басынан бері «Нұр Жолы» өткізу пункті арқылы өткен темір тұлпар саны 197 мыңнан асқан. Бұл былтырғы көрсеткіштен 74,5 пайызға көп. Шекарадағы ахуалға байланысты тасымалдаушылар жүктерін Қырғызстан, Моңғолия және Ресей арқылы өткізуге мәжбүр болды.

Серік Дайырбай, «Қорғас» ШЫХО АҚ инвестиция және туризмді дамыту департаментінің бас маманы:

– Өткізу жүйелеріне бірқатар жаңашылдық енгізілді. Атап айтқанда, электронды бақылау жүйесі іске қосылды. Бұрын келушілер паспорттық бақылаудан өткен кезде бір адамға шамамен бір минут уақыт кететін. Ал қазір бір адамды тексеруге небәрі 10–15 секунд жұмсалады.

Жуырда «EuraTrade Link» цифрлық платформасы іске қосылды. Жүйе жүк туралы мәліметтерді алдын ала алмасуға және өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, құжаттарды тексеру уақытын қысқартады. «Әрі шекарадағы көлік қозғалысын реттеуге сеп», – дейді мамандар.

Автор: Назерке Тоқжан

Сондай-ақ оқыңыз: