GTA 6 алғашқы тәулікте 3,8 млрд доллар пайда әкелді

Ойнап жүріп те қыруар ақша табуға болады. ГТА6 бүкіл ойын-сауық индустриясы тарихындағы ең табысты коммерциялық жобаға айналды. Ойынды әзірлеген Rockstar Games компаниясы алғашқы тәулікте 3,8 миллиард доллар пайда тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Әлемдік прокаттағы танымал фильмдердің өзін жалпы табыс жағынан 1 күнде артқа тастады. Тіпті қазақстандық кәсіпкерлер мен стримерлер де орта жолдан пайда тауып жатыр. GTA ойыны тарихтағы ең табысты жоба атанды.

Иә, әлемді шулатқан ГТА 6 қазір үлкен сұранысқа ие. Ойын шықпай тұрып-ақ оны сатып алуға шамамен 32,5 миллион адам алдын ала тапсырыс берген. Нәтижесінде ойынды әзірлеуге 1,5 млрд доллар құртқан Rockstar Games компаниясы 3,79 млрд доллар табыс тапты. Бұл тек алғашқы күннің көрсеткіші. Ал 1 аптада қанша пайдаға кенелгені жақын арада белгілі болады.

Жәнібек Есенбек, стример:

– 5 мың адам жұмыс істейді екен сол компанияда. 13 жыл уақыт пен осы ойынға құртылған ақша санын есептейтін болсақ, Дубайдағы Бурдж Халифа ғимаратына салынуға кеткен қаражаттан да көп екен. Сондықтан осынша еңбек, ойыншылардың алған рахаты үшін 100 пайыз ақталды деп ойлаймын. Өзім ойнап көрдім, ойын өте керемет.

GTA-ға деген қызығушылықтың артуы елдегі ойын-сауық орталықтарына да оң әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, PlayStation клубтарына келушілер саны бұрынғыдан әлдеқайда көбейген. Бұл өз кезегінде ойын орталықтарының табысын арттыруға сеп болды.

Ойын графикасы бұрынғы бөлімдермен салыстырғанда әлдеқайда шынайы. Көшеде кездескен адамдармен тоқтап әңгіме айтып, сұхбат құруға болады. Бір қызығы, әлемді шулатқан бұл жобада Қазақстанға қатысты деректер де кездеседі.

Жәнібек Есенбек, стример:

– Біз бір сәтті байқадық. Ол жерде жағажайда кетіп бара жатқан NPC Қазақстан мен Бразилиялықтарды салыстырып сөз айтады. Менің ойымша, осындай дүниелер Қазақстан туралы әлі де көбірек табылады. Мен өзім осының алдыңғы бөлімінде ГТА 5 те Қазақстан туы бар кепка тауып алдым. Соны көрермендеріммен бөлістім. Өте жақсы қаралым жинады.

Сондай-ақ әлемде соңғы аптада ауруын желеу етіп, жұмыстан сұранатындар күрт өскен. Әсіресе АҚШ пен Ұлыбританияда бұл жайт дүрбелең туғызды. Мыңдаған геймер ойын шыққаннан кейін толық 1 аптасын ГТА-ға арнаған.

Авторлары: Мерей Қанапия, Санжар Біргебаев, Қанат Махмұдов

Сондай-ақ оқыңыз: