Науқас баланың «еміне» ақша жинайтын алаяқ көбейіп кетті

Елордада баласын қыдыртып жүрген ана қайырымдылық көрсетуді сұраған жасөспірімнің қолынан өз баласынынң суретін көрген. Бұған дейін Анель Жұмабаева баласының еміне қаражат сұрап, кейін есеп-шотын жапқан. Ал алаяқтар сондағы суретті пайдаланып, ақша жинауға кіріскен.

Иә, осылай елді алдап жүргендер көп. Әдетте олар өздерін қайырымдылық қорының өкілімін деп таныстырады. Енді олар шын жанашыр ма, әлде алаяқ па? Оны қайдан білеміз? 

Анель Жұмабаеваның бір жастан асқан қызы бар. Өкінішке қарай, сәбидің дамуы баяу жүріп жатыр. Ем-домына қажетті қаражат жинау үшін биыл сәуір айында банк карточкасы арқылы есепшот ашқан. Алайда көмегін ұсынатын жалған қайырымдылық қор өкілдері көбейген соң, есепшотты жауып тастауға мәжбүр болған. Әккілер Анельге қайта-қайта қоңырау шалып мазасын алған. Қолы ашық жандардың аяныш сезімін тудырып, өздерінің қалтасын қампайтқысы келген. 

Анель Жұмабаева, қала тұрғыны:

- Сорақысы сол, саябақта отбасыммен бірге серуендеп жүргенімде жаныма бейтаныс бозбала келіп, науқас баланың еміне ақша жинап жатқанын айтты. Фотосуреттен өз қызымды көріп, жағамды ұстадым. Бастапқыда сыр білдірмей, ақшаның кімге түсетінін сұрадым. Анықталғандай, маған бірнеше мәрте қоңырау шалып, қайырымдылық қор атына есепшот ашу туралы үгіттеген жігіттің номері шықты. Ол менің рұқсатымсыз, баламның фотосуретін өз пайдасына қолданған.

Бұл қылмыс бойынша келіншек полицияға арызданған. Бірақ бұл іске жеткілікті деңгейде маңыз бермепті. Алаяқтық емес, жай әкімшілік құқық бұзушылық деп жылы жауыпты.

Анель Жұмабаева, қала тұрғыны:

- Әлгі жігіттің бұл ісі барып тұрған алаяқтық. Біріншіден қызымның фотосуретін заңсыз пайдаланды. Арбаудан түскен ақшаны қалтасына басты. Осының бәрін полиция қызметкерлеріне айтқанда, олар бұны қоғамдық орында мазану алу деген құқық бұзушылыққа балады. Нақтырақ айтсам, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449-бабы.

Сенім ұялатпайтын қайырымдылық қорлардың біріне волонтер болып көрдік. Табысы көп жұмыс екен.

Қайырымдылық қор өкілі:

- Біз ресми қорға жатамыз. Бас кеңсеміз Қарағанды қаласында ашылды. Жұмыс істегенімізге бір жыл. Қызметіміз заңсыз болғанда баяғыда-ақ жауып тастар еді. Алғашында 4 сағат ішінде 3 мың тг табуыңызға болады. Кәнігі қызметкерлеріміз күніне 11 мың теңгеге дейін жалақы алады. 

Жалған қайырымдылықпен айналысу ұсақ қылмысқа жатпайды. Бұл алаяқтыққа негізделген әрі ұйымдасқан қылмыс. Бұл тек елордада ғана емес, бүкіл ел бойынша етек жайды. Заңды қатайтып, жетілдіру керек дейді заңгер. 

Сергей Уткин, заңгер:

- Көрінген карточка номеріне ақша аудара беруге болмайды. Кез келген заңды қайырымдылық қордың ресми кассасы болуы керек. Немесе көз жеткізіп, көмекке мұқтаж жанның жеке номеріне аударған дұрыс. Ортадағы делдалдарға сенбеу керек. 

Бұл мәселе таяуда Мәжілісте де қаралды. Депутаттар қайырымдылық туралы заң қабылдады. Құжатқа сәйкес, арнайы келісім-шартсыз әлеуметтік желі арқылы ақша жинауға болмайды. Онсыз бұл әрекет алаяқтыққа немесе ақша жымқыруға жатады. Жаңа заң 5 қыркүйекте күшіне енеді. 

Мирлан Алтынбек, Анэль Еділқызы, Андрей Деменок және Дмитрий Вишнёвский