Қызылорда облысында мия зауыты қайта іске қосылады

Қызылорда облысында 6 жылдан бері өндірістік желісі тұралаған мия өсімдігін өңдеу зауытының жұмысы қайта жанданатын болды.

Емдік қасиеті бағзы заманнан белгілі «Алтын тамыр» атанған өскін әлемдік фармацевтикада жоғары сұранысқа ие. Осыған байланысты Жалағаш ауданында орналасқан кәсіпорын құрылтайшылары өнім шығаруды реттеумен қатар шикізат қорын молайту жобасын жүзеге асырмақ. Бұған дейін тұрғындардан мия қабылдап келген өндірістік нысан енді 50 гектар жерге қауырсын жапырақты өсімдікті өздері егуді жоспарлап отыр.

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 1 миллиард 8 миллион теңгеге салынған кәсіпорын 2013 жылдың аяғында ашылған болатын. Алғашында глицирризин қышқылы, полисахарид және мия шәйін тонналап Қытай мен Оңтүстік Корея нарығына шығарып, зауыттың жұмысы жақсы жүрді. Дегенмен әлемдік нарықта мия өнімдерінің құны төмендеп кетуіне байланысты өндірістік желі тұралап, жүзге жуық жалағаштық жұмыссыз қалды. Дәрі-дәрмек атаулының басым көпшілігінің құрамына қосылатын мия тамыры Сырдың бойында ауқымды алқапты алып жатыр. Биологиялық компонентке бай шөп қазір көлеңкелі жолмен сыртқа сатылу үстінде. Бүгінгі таңда бұршақ тұқымдас өсімдікке сұраныс артқасын зауыт құрылтайшылары мияны өңдеу жұмысын қайта жандандырып жатыр.

Еркебұлан Балмаханов, бас технолог:

- Көп нәрсесі, темірлері шіріп жатыр. Аппараттардың өзі бір жыл тоқтаған кезде әбден тозып кетеді. Сондықтан Қытайдан зауыттың толық қосалқы бөлшектерін, құрылғыларға керекті заттарды алдырып, қазір іске қосу үшін жөндеу жұмыстарын бастап жатырмыз.

Бұрын мазутпен жұмыс істеген зауыт қазір көгілдір отынға қосылып, жылыту пештері орнатылып жатыр. Тәулігіне 20 тоннадай өнім өндіруге қауқарлы кәсіпорынды осы қаңтардың соңына дейін қосу үшін жергілікті әкімдік тарапынан да қолдау жасалып жатыр екен.    

Жасұлан Еспенбетов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Әкімдік тарапынан негізгі бақылау жұмыстары жүргізіліп, құрылғыларының әкелуіне, басқа да мия тамырын шикізатын осы жерге жиналуына тиісті облыстық басқармалармен жұмыс жүргізіп, қазір мың тоннаға жуық мия тамыры жиналды. Зауыт жұмыс жасаған уақытта ауданның 60 тұрғынын 2 мезгіл жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.

Жалағашта мия зауытынан бөлек 200 бас ірі қараға арналған тауарлы сүт фермасы мен құс фабрикасы және ірі наубайхана ашылады деп күтіліп отыр.