Абай облысында 150 орындық оңалту орталығы ашылды
Абай облысында 25 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның 4 мыңы – бала. Өңірдегі мүгедек азаматтар енді оңалту қызметін аламын деп алысқа сабылмайтын болды. Бүгін Семейде 150 орындық жаңа оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Президенттің тікелей тапсырмасымен салынған кешеннің ерекшелігі – жас санатына байланысты шектеу жоқ. Мұнда психо-неврологиялық патологиясы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен бірінші және екінші топтағы мүгедек жандарға қызмет көрсетіледі. Заманауи, инновациялық құрылғылармен жабдықталған мекеме жартылай стационар және уақытша тұратын стационар жағдайында жұмыс істемек. Пациенттердің стационарда 6 айға дейін ем алуға мүмкіндігі бар. Жаңа нысан ана мен бала, термо-гидротерапия, еңбек терапиясы, әлеуметтік-педагогикалық оңалту бөлімшелерінен тұрады. Орталықта 2 емдік жүзу бассейні, 66 орындық конференц зал,14 орындық кітапхана, 5 автокөлікке арналған гараж, үстел ойындары, теннис, бадминтон, гимнастика, шағын футбол алаңдары бар. Орталық құрылысына республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінген.
Динара Құсайынова, қала тұрғыны:
- Сумен емдеу, еңбек терапиясы, бәрін көріп шықтық. Ғажап. Бұған дейін алыстағы Алтай ауданына барып жүретін едік.
Ербол Оспанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары:
- Енді семейліктер алысқа бармай-ақ, реабилитация және абилитация қызметін алады. Жалпы Президент тапсырмасымен елімізде осындай 12 орталық ашу жоспарланып отыр. Семей өңіріндегі ядролық полигонды ескере отырып, мұқтаж адамдардың бар екенін ескере отырып ашылды.