Астанада шетелдік көліктерді заңдастыру шарасы іске асып жатыр
Бүгін шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды Президент былтыр өз Жолдауында тапсырған болатын. Бұл – 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген, іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара. Әкімшілік полиция қызметкерлерінің мәліметінше, таңнан бері елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына 100-ден астам адам келген. Көлікті заңдастыру үшін egov-порталы арқылы деректерді тексеруге өтініш беру қажет. Кейін оны Ішкі істер министрлігі тексеріп, мақұлданғанын не арыз қабылданбағанын хабарлайды. Сосын онлайн кезекке тұрып, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында тиісті тексерулерден өту міндеттеледі. Бұдан соң алғашқы тіркеу үшін, техникалық паспорт үшін және мемлекеттік нөмір үшін төлемдер жасау керек. Барлық үрдіс тиісті тәртіппен өткеннен соң көлік ресми түрде заңдастырылып, жүргізушіге қазақстандық нөмір беріледі. Айта кету керек, бұл науқан шілденің 1-не дейін жалғасады.