Еліміздің 13 өңірінде су тасқыны қаупі жоғары болып тұр
Ал Павлодар, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында орташа деңгейде, деп хабарлайды «Хабар 24».
Су тасқыны кезеңі оңтүстік өңірлерде ақпанның соңы мен наурыздың аяғында өтеді. Өзге аймақтарда наурыз бен маусым аралығына тап келеді. Дегенмен мамандар су тасқынының алдын алуға ерте қамдана бастаған. Гидро-метеожағдайлар бақылауда. Өзгеріс болса, 2-3 тәулік бұрын дауылды ескерту жарияланады. Бұл туралы Қазгидромет өкілдері мәлімдеді.
Досбол Бекмағамбетов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің су ресурстары комитеті төрағасының м.а:
- Алдын ала болжам бойынша ақпан айында республиканың басым бөлігіндегі ауа температурасы климаттық нормаға жақын, ал еліміздің қиыр оңтүстігінде-нормадан 1°С жоғары. Ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде қалыпты, нормаға жуық. Ал Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қостанай облыстарының батысында нормадан аз. Түркістан облысында, Қызылорда, Жамбыл облыстарының басым бөлігінде, Алматы, Жетісу облыстарының оңтүстік жартысында нормадан көп болады деп болжануда.
Бүгінге дейін 1300-ден аса гидротехникалық құрылыстың тасқын суларды өткізу әлеуеті тексерілді. Республика аумағында 1806 нысан бар. Оның 20-сы иесіз қалған. Белгілі болғандай, аталған нысандардың 471-і жөндеуді талап етеді. Биыл республика меншігінде тұрған екеуі жөнделеді. Су басу қаупін жою үшін 41 су қоймасы мен гидротехникалық құрылысқа қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Соңғы 5 жылда 16-сы қалпына келтірілген. Тағы 17 жобаға 30 млрд теңге қаражат бөлу керек. Жөндеуді қажет ететін 3 су қоймасы транзиттік режимде тұр.
Ербол Салихбаев, «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары:
- Шығыс Қазақстанда 2 су қоймасы бар. Оның бірі – Қаракөл деген су қоймасы. Ол Кеңес үкіметі кезінде салынып басталған. Бірақ су қоймасы ретінде бітпей қалған. Суды ұстап тұратын құрылғысы жоқ. Екіншісі –Қандысу деген су қоймасы. Ол да қазіргі таңда апатты жағдайға байланысты суды жинамайды. Үшіншісі – СҚО. Ол да апатты жағдайына байланысты транзиттік режимде тұр.