Шымкентте тұтынушылардың талабы ескерілді

Шымкентте «Тұран» ықшам ауданына газ құбырын жүргізген мердігер компания тұтынушылардан негізсіз ақша жинағаны әшкере болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жеке тұрғын үй секторына инженерлік жүйені дұрыс жүргізбеген. Жобаға сәйкестендіріп беру үшін әр азаматтан 20 мың теңге сұраған. Мыңдаған адамның уәжі халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы аясында Антикорға жетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен коммуналдық сала өкілдері мердігерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық баға берілді. Нәтижесінде тұтынушылардың ақшасы қайтарылып, тегін қызмет көрсетілді.

Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаменті басшысының м.а:

- Департамент бастамасымен әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында, әкімдік пен мердігер ұйым арасында мыңнан астам тұтынушылардың үй қақпаларына кедергі келтірмеу үшін газ құбырын 4 метрге дейін ұзарту жөнінде келісім жасалған болатын. Бұрын негізсіз жиналған ақша тұрғындарға қайтарылды.