Қарағанды мектептерінде жылу температурасы қадағаланады
Қарағанды облысының мектептерінде жылу температурасының тиісті деңгейде сақталуы ерекше назарда болады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгін жылу беруші тарап, білім бөлімі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Теміртау қаласындағы оқушылардың мектептегі суыққа байланысты қашықтан оқу форматына көшу себебін сөз етті. Қорытынды бойынша бұған жол бергендер жауапқа тартылмақ.
Бұл – Қарағанды қаласындағы мектептің бірі. 1200 орынға шақталған нысанда 1800 бала білім алады. Осыған қарамастан бір сынып уақытша жабық тұр. Себебі мұнда жылу 16 градустан көтерілмей қойған. Ал талап бойынша 18 градус болуы тиіс.
Амантай Соғысбайқызы, №77 мектеп директоры:
- 20 жыл жөндеу жасалмаған соң, мектеп шатыры, жылу жүйесі тозып тұр. Біз алгоритм бойынша былтырдан бері жөндеу жұмыстарына сұраныс беріп жатырмыз. Енді көктемде алдағы оқу жылына жөндеуге ақша бөлінеді деп отыр.
Өткен аяз күндері Теміртау қаласындағы 20-дан астам мектеп оқушысы қашықтықтан білім алуға мәжбүр болғаны белгілі. Басты себеп – білім нысандарының іші азынап кеткен. Бүгінгі таңда оқушылар дәстүрлі оқуға көшседе шағымданушылар жетерлік. Оны құзіретті мамандар былай деп түсіндіреді.
Сергей Работягов, Теміртау қалалық коммуналды кәсіпорын директоры:
- Мектептердегі қазіргі жағдайдың қалыптасуына себеп болған басты фактор – мектептердің 90%-інде автоматтандырылған түйін тұр. Оны білім нысандарындағы модернизациядан кейін орнатқан. Одан кейін ішкі жылу жүйесінде де судың кептелісі бар. Салдарынан олар тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Ең басты себебі – осы.
Осыған қарамастан Теміртау қаласының белсенді ата-аналары бірсыпыра құзырлы органдарға хат жазып, мектептегі суыққа шағымданған. Бүгін жемқорлыққа қарсы қызмет барлық тараптарды жинап жылу мәселесіндегі олқылықтарды сөз етті.
Аркадий Тілеубердинов, жемқорлыққа қарсы қызметтің ҚОФ өкілі:
-Жылуды берген ТЭЦ-2-нің температурасы өте төмен болған. Магистральдан кварталішілік жауап беретін «Оқжетпес» ЖШС айтып отыр. Онда дұрыс жұмыс жасалмаған деп жұмысына жауапсыз қарағандарды жауапқа тартылады деп ойлаймын.
Соңғы уақытта мектептің ішкі жылу жүйесінің дұрыс болмауы немесе қоқысқа толып қалу жағдайы жиілеген. Комуналдық қызмет өкілдері осылай дейді. Ал арнайы комиссия 26 қаңтар күні Теміртау қаласының 2-ЖЭС барып шығыс пен кіріс кезіндегі температура мен жалпы жұмыс жағдайын жіті тексермек.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.