Қобдада су тасқынынан үйсіз қалғандар жуырда баспаналы болады
Ақтөбе облысының Қобда ауылында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жақында жаңа үйге кіреді.
Елді мекенде салынып жатқан 24 баспананың құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі бақылауға алды.
Көктемгі тасқын кезінде баспанасы суға кеткен тұрғындар үшін жаңа үйлер Қобданың даму аймағында салынып жатыр. Құрылыс жүргізіп жатқан төрт мердігер компанияның 200-ден астам жұмысшысы тынымсыз еңбек етуде. Әр үйдің аумағы шамамен 100 шаршы метрді құрайды. Болашақта мұнда әлеуметтік нысандар да салынады.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Осы жерде бір үлкен ауыл салынып жатыр ашып айтқанда. Сондықтан қазір энергетикасы бәрі жүргізілді. Жылуға байланысты сұрақтар да шешімдерін табады. Сондықтан қазір қысқа уақытта бір жұманың ішінде біраз үйлер АЛЛА қосса бітеді осы жерде. Үйлердің құрылысы біткесін жол, басқа мәселелерді де толықтай шешетін боламыз.
30 отбасыға арналған 24 үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр. Оның алтауы екі пәтерлік ғимарат. Кейбір нысанның тек ішкі жұмыстары қалған.
Айдын Есмұханов, мердігер компания басшысы:
- Ішкі жұмыстар жүріп жатыр, терезелер салынды. Сапалы материалдар толықтай қолданып отырмыз. Енді айта кететін жағдай, осы үйдің болашақ иелері өздері келіп толықтай бақылауға алып жүр. Солардың өтініштерімен бәрі жұмыс жалғасуда.
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың да көңілі орнына түскен. Қысылтаяң кезде шұғыл шара қабылдаған облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Енді жаңа үйлер бой көтерген аумаққа арнайы атау беруді сұрап отыр.
Айта кетейік, ауыл маңында су тасқынының алдын алу үшін бөгет құрылысы да қатар жүріп жатыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев