Испанияға қар жауды
Испанияның солтүстігінде орналасқан Астурия провинциясында күтпеген жерден табиғат тосын мінез танытты.
Бірнеше ай бойы күн күрт ысып жұртты әбігерге салған еді, енді аймақта қар жауды. Айта кетейін, былтырдан бері испан халқын құрғақшылық қысып келеді. Әсіресе, Каталония тұрғындарына қиын болды. Мамандардың айтуынша, мұнда соңғы 100 жылда болмаған аптап ыстық тіркелген.
Конгода жоғалған адамдар іздестіріліп жатыр
Конгода алапат су тасқынынан кейін жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстары басталды. Дәрігерлер «су жолдарымен жұғатын инфекциялық аурулар таралып кете ме» деп алаңдап отыр. Өйткені табиғи апаттың тіркелгеніне бір апта өтсе де әлі күнге дейін жаңбыр толастамай тұр. Бұған дейін Конго Демократиялық Республикасында тасқын жүріп, 400-ден астам адам опат болды. 5 мыңға жуық азамат із-түзсіз жоғалып кетті.
Пасифик Чиралвира, бас дәрігер:
- Қазір аймақта ауыз су жоқ. Тасқын бәрін шайып кетті. Жақын маңнан бақилық болғандардың денесі табылып жатыр. Сондықтан су арқылы инфекциялық аурулардың таралып кету қаупі жоғары болып тұр.
АҚШ-та құйын көтерілді
АҚШ-тың үш бірдей штатында құйын көтеріліп, жұрттың мазасын қашырды. Бір ғана Канзастың өзінде құйын 15 рет жүріп өткен. Синоптиктердің айтуынша, аймақтағы қолайсыз ауа райы әлі бір күндей сақталады. Әзірге зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.