Қарағанды облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтініш қабылдау басталды
Қарағанды облысында бүгіннен бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысуға өтініштер қабылданады.
Ол туралы халықаралық отбасы күніне орай өткен салтанатты шарада жауапты мамандар ресми мәлімдеді. Осымен оныншы рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі байқаудың ережесі, талаптары арнайы сайтта жарияланған.
Отбасы құндылықтарын насихаттайтын ұлттық байқау 2014 жылдан бері тұрақты түрде өткізіледі. Осы уақыт аралығында дәстүрлі шараға еліміз бойынша 20 мың жанұя қатысып, бағын сынаған екен. Бүгін кезекті байқауға өтініштер қабылдау басталды.
Ербол Әлімқұлов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
- Отан-отбасынан басталады дейді қазақ. Халқымыз ерекше құрметтейтін ол – отбасылық құндылық. Ауызбіршілікке де шақыратын, достыққа да шақыратын ол отбасы. Отбасы арқылы дос болып жүреміз, отбасы арқылы біз дүние танимыз. Отбасыларымыз аман болсын. Дендеріңіз сау болсын! Бақытты да құрметті отбасыларымыз көп болсын!
Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға үлгілі жанұялар шақырылған. Олардың қатарында жаңа отау тіккен жас жұбайлар, қаншама жетім баланы бауырына басқан ерлі-зайыптылар, 50 жыл отасқан бақытты жандар бар. Бұл күні олардың барлығына 100 мың теңгеден ақшалай сыйлық тапсырылды.
Бикен Ахметова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Отбасының құндылықтары біздің қазақ халқының салт-дәстүріне негізделген. Соның бұзылмас қаймағынан біз шығамыз. Осы уақытқа дейін жеткеніміз біз екеуміз де көпбалалы отбасында өстік, сол қазақша тәрбие алдық. Отбасын сақтауға әрқашан тырысу керек. Қазақта ешқашан ажырасу деген болмаған тарихта. Сондықтан да сол өзіміздің ұлтымыздың дәстүрін әрі қарай жалғастырып, соны сақтап, соның негізінде өмір сүрсек, жақсы боламыз.
Мерекелік кеште махаббат жайлы әндер шырқалып, театрландырылған көрініс қойылды.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар