Үйін шаң басқан қарағандылықтардың зауыт жұмысына шағымы көп
Қарағанды қаласының тұрғындары үйге жақын орналасқан бетон зауытының жұмысына шағымданып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жел тұрса болды, маңайды шаң басады, - дейді олар. Айтуларынша, терезені ашу былай тұрсын, балалар аулада еркін ойнай алмай қалған. Кәсіпорын өкілдері болса бұл жерде 10 жылдан бері жұмыс істейміз, - деген уәж айтады. Ал тұрғын үй 2 жыл бұрын салынған.
Қарағандыдағы «Отау-3» деп аталатын кешен тұрғындарының көбі жақында ғана жаңа үйге қоныс аударған. Кезінде бос жатқан аумақта қазір 4 бірдей 5 қабатты үй бар. Халық саны да аз емес. Тек осы бір проблема тұрғындарды әбден әбігерге салыпты. Бетон қоспасын дайындайтын зауыттан шыққан шаң үйлерді басып қалады. Әсіресе жел тұрса, сыртқа шығу мүмкін емес.
Бақытгүл Қалекина, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Бұл зауытты осы жерден алып тастаған дұрыс. Енді бұрында болды ғой, ол кезде мұнда тұрғын үйлер болған жоқ. Сондықтан жұмысын атқарып тұрды. Ал енді осында ТК салынғаннан кейін халық тұратын жерде осындай зауыттың шаң-тозаң жіберіп тұруы дұрыс емес деп ойлаймын.
Нұртай Әукенов бір жыл бұрын жаңа үйден пәтер алып көшіп келген. Бірақ үйіне іргелес өндірістен шыққан цемент аралас шаңнан балаларының да, өзінің де денсаулығына алаңдай бастапты.
Нұртай Әукенов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Балалар таңертең таза болып шықса, кешкісін үйге кәдімгі қап-қара болып келеді. Далада құмда ойнағаннан емес, кәдімгі цемент. Кір жуғанда суда цемент болып тұрады. Тіпті қатып қалады. Үйдің барлығы шаң. Күніне 2-3 рет жуу керек. Жалаңаяқ жүруге болмайды, нәскиің қап-қара болып қалады.
Экологтар болса зауыттың тиісті құжаттары жоқ дейді. Ал кәсіпорын өкілдері небәрі 20 тоннаға жуық цемент қалғанын, соны пайдаға жаратқан соң көшуді жоспарлап отырғанын айтты.
Дархан Исжанов, облыстық Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Компанияның қазіргі іс-әрекетіне қандай да бір құжаттары жоқ. Бұл заңсыз, бұл – алғашқы ақпараты. Нақтырақ тексеріс барысында анықтауға болады оны. Бізге қазір ешқандайда өтініш түскен жоқ. Яғни, біз тексеруді өтініш арқылы ғана тағайындай аламыз. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпкерлік кодекс бар.
Аршак Казарян, компания өкілі:
- Біз зауытты басқа жерге көшірейік деп отырмыз. Былтыр жоспарлағанбыз, бірақ орайы келмеді. Енді қазір басқа орын дайындап қойдық. Онда қалған цемент бар, соны пайдаға асырамыз. Ол үшін 4-5 күн уақыт керек. Ал зауыт шусыз, шаңсыз істей береді. Тек 2-3 күн бойы жел қатты тұрып, шаң көтеріліп кетті. Енді қала сыртына көшіп жатырмыз, ешкімге кедергі келтірмейміз.
Зауыт күніне 10-нан 50 куб метр аралығында құрылысқа арналған сұйытылған цемент дайындайды екен. Онда қазір 10 адам жұмыс істейді. Жақында қала сыртына көшірілетін болса олардың бәрі жұмысын сақтап қалады, - деп сендірді зауыт өкілдері.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар.