Семейдегі «Аналар үйі» ресурстық орталығына 10 жыл толды
Семейдегі «Аналар үйі» ресурстық орталығына 10 жыл толды.
Мейірім мекені осы уақыт аралығында тағдырдың тәлкегіне түскен 300-ге жуық нәзік жанға пана болған.
«Аналар үйінің» қамқорлығын сезініп, мейіріміне бөленген жанның бірі Бақытгүл Әлімжанова. Екі баланың анасы азаматтық некедегі жігітімен көңілі жараспай, барар жер, басар тауы болмаған соң осында келгенін айтады.
Бақытгүл Әлімжанова, «Аналар үйінің» тұрғыны:
- Отбасылық жағдайға байланысты «Аналар үйіне» хабарласып, сәуір айында осында келдім. Үйімнің кезегі жақындап қалған соң олар маған көп көмек көрсетті. Өз қамқорлықтарына алды.
Бүгін Бақытгүлдің арманы орындалып, баспаналы болды. Балалар үйінің тәрбиеленушісі ретінде көп жыл күткен пәтердің кілтін облыс басшылығы атынан Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов табыс етті
Айнагүл Нұртазина, Семейдегі "Аналар үйі" ресурстық орталығының маманы:
- Қазіргі уақытта біздің балалардың алды мектепке барды. Жас аналар, кәмелетке толмаған, екі-үш баласымен тұратын аналар бар. Қазіргі уақытта бізде кәсіп ашқан қыздар бар. Ақшасын тауып баласын асырап отыр. Өзінің ата-анасымен, баланың әкесімен қосылған қыздар бар.
2015 жылдан бері қоғамдық негізде жұмыс істейтін мекемеде бүгінде 7 ана 9 баласымен бірге тұрып жатыр. Бұған дейін бұл жерді 275 нәзік жан мен 295 бала паналап, өмірден өз орнын тапқан.
Салтанатты шара соңында «Аналар үйінің» барлық демеушілеріне Алғыс хат берілді. Қонақтар да өз кезегінде орталыққа сый-сияпаттарын тапсырды.
Азамат Қасым, Медет Өмірханов