Атырауда айналма жол салынып жатыр
Атырауда республикалық дәрежедегі автомагистральдарды өзара жалғайтын айналма жолдың құрылысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл жоба облыс үшін маңызды. Себебі транзиттік жүк көліктері қаланың ішімен өтеді. Жолдарға салмақ салып, қаланың ішінде кептеліс туғызады. Салынып жатқан «Солтүстік айналма жолы» осындай біраз мәселенің түйінін шешетін болады, - дейді мамандар. Айналма жолдың ұзындығы 26 шақырымнан асады. Ол республикалық «Атырау-Орал» күре жолын «Атырау-Ақтау» автомагистриалымен жалғастырады. Жол қиылыстарында 2 жолайрығы және 2 көпір болады. Қазір көпір құрылысына қажетті бетон тіректер дайындалып жатыр.
Дәурен Кенжешов, «Жол активтерінің ұлттық сапа» орталығы облыстық филиалының инженері:
- Оның біреуі Жайық өзеніне салынады Атырау-Орал тас жолының 10-шы шақырымын кесіп өтіп, Атырау-Досссор жолына апарып қосады. Ол жолдың жеңілдігі. Ресей бағытынан келе жатқан жүк көліктері қалаға кірмей, көрші облыстарға шығуына септігін тигізеді. Осы жол құрылысын бақылауда ұстаймыз. Қазіргі кезде топырақ төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы жұмыстың аяқталуы – 2024 жылдың аяғы.