Ақтөбеде жолақыны көтеру ұсынылды

Ақтөбеде жолаушылар тасымалдайтын компания өкілдері жол ақысын 200 теңге дейін көтеруді сұрап отыр.

Сонда ғана тариф Үкімет бекіткен есептеу үлгісіне сай  болады,- дейді. Айтуларынша қазіргі баға қоғамдық көлік шығынын  өтемейді. Салдарынан автобус паркін жаңартып, жүргізушілер жалақысын өсіре алмай отыр екен.

Қазір Ақтөбеде жол ақысы 80 теңге. Онлайн төлем немесе картаңыз болмаған жағдайда ғана билет 150 теңгеге сатылады. Бұл баға осыдан бес жыл бұрын бекітілген. Тасымалдаушы компания басшылығы содан бері өзгермеген тариф бүгінгі шығындарды өтеуге жеткіліксіз дейді.

Руслан Жылқаманов, тасымалдаушы компанияның ресми өкілі:

- Дизель отыны қымбаттады, автобустардың құны қымбаттады, қосалқы бөлшектердің бағасы 2-3 есе қымбаттады. Мына геополитикалық жағдайға байланысты кейбір мына логистика бұзылды ғой. Қосалқы бөлшектерді алу қиын болып кетті. Алыс шетелден алынады. Оны күту уақыты деген сияқты. Соған байланысты.

Былтырдан бері қоғамдық көлік қызметіне бюджеттен субсидия бөлініп келеді. Жолаушылары аз бағыттар әлеуметтік деп танылып шығындарының бір бөлігі қала қазынасы есебінен өтеледі. Биылға 4 млрд 200 млн теңге қарастырылған. Алайда тасымалдаушылар мұны да місе тұтпай отыр. Халық болса көрсетілетін қызметтің сапасы сын көтермейді дейді. Бірінші кезекте автобус санын арттырып, жолға шыққан көліктердің аялдамаға уақытылы келуін талап етеді.

БЛИЦ

- Қарапайым халыққа бағаның төмен болғаны ыңғайлы әрине. Бірақ өсіретін болса оған сапасы да тең болуы керек. Тең болуы керек. Бір деңгейде олуы керек деп ойлаймын.

- 80 теңгеден 200 теңгеге дейін қымбат болады әрине. Ол енді қарапайым адамдарға қиындау болатын шығар деп ойлаймын. 100-120 теңгеге апарса жарайтын шығар. Бәрі қымбат қазір. Оларды да дұрыс түсіну керек.

- Бізде Астана қаласының өзінде 100 теңге десек, Ақтөбеге одан жоғары көтеру дұрыс емес деп ойлаймын.

Облыс басшылығы болса жол ақысының қымбаттауы да заңды құбылыс деп отыр. Бұл туралы Ералы Тоғжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму туралы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі:

- Оны көтермейтін болсақ енді болашақта қауіпсіздігін қамтамассыз ету үшін автобустардың бәрі соған сәйкес келу керек. Ол олардың барлығы мына бағаның өскеніне байланысты. Бұл тарифтің де қазір жоғарылауы заңды сондықтан. Бірақ оны жан-жақты управление экономики бар, солардың барлығы бірге есептеп, бағасын шығаратынына ешқандай күмәніміз жоқ. 

Қазір шаһардағы төрт тасымалдаушы күніне 230-240 автобус шығарады. Мұның аз екендігі қызмет көрсетушілерге де, жергілікті билікке де мәлім. Сондықтан алдағы екі ай ішінде қосымша тағы 100 автобус жеткізілуі тиіс. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев