«Маңғыстау» қоғамдық-саяси газетіне 50 жыл толды
Маңғыстау өңіріндегі белді басылымдардың бірі «Маңғыстау» қоғамдық-саяси газетінің құрылғанына 50 жыл.
Жартығасырлық мерейлі дата аясында аймақта 50 ауқымды іс-шара өткізілмек. Мәселен, Ақтаудағы қызметтік кеңсе ғимаратында шағын музей ашылды. Ұжым алғаш қалыптасқан кезеңде журналистер қолданған жазу машинкалары, фотоаппараттар мен дыбыс жазу құралдары, қызметтік куәліктері көрермен назарына ұсынылды. Ең көне жәдігерлер 1934 және 1942 жылдары латын қарпінде жарық көрген газеттер.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Халқымыздың «50 жылда ел жаңа» дейтін нақылын біз осы газеттің жүріп өткен жолынан анық көреміз. Әбіш Кекілбайұлының «Адамзат ақыл-ойы талай ғажаптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық - жазу. Одан асқан жаңалық болған емес» дегені есімізде. Сондықтан қолға қалам ұстап, жазуды серік еткен өңір журналистері үшін бұл мерейлі датаның орны бөлек деп білеміз. Өңір үшін ғана емес, республикалық ақпарат кеңістігі үшін де бүгін маңызды.
Темір Мыңжас, ардагер журналист:
- Сонау 80-жылдары бастадық. Ол кезде «Маңғыстау» газеті «Коммунистік жол» дейтін атаумен шығып тұрды. Аптасына 5 рет шығатын еді, үлкен форматпен. Бізде 70-тей адам қызмет істеді. Көптеген атақты жазушылар осы газеттен шықты. Біз осы газетті өсірдік, газет бізді өсірді. Қандай қиын кезеңде де газет өзінің шығуын тоқтатқан жоқ. Болашақта газеттің тиражы арттады деп ойлаймын.