Қара қандыағаш тек Қазақстан мен Канада жерінде өседі
Баянауыл ұлттық паркінің аумағында сирек кездесетін өсімдіктер өседі.
Эндемик жәндіктер тіршілік етеді. Келешекте бұл саланы Зоология институтының мамандары зерттемек. Мәселен, динозаврлар дәуірінен жеткен қара қандыағаш Қазақстан мен Канадада ғана өседі. Оны сақтап қалудың жолдарын бүгіннен бастамасақ кеш қалатын түріміз бар. Тосыннан келген апаттар мен адамдардың салғырттығы табиғи байлығымыздың тамырына балта шабады. Олай дейтініміз Баянауылда қара қандыағашты кесу дерегі тіркелді.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Қара қандыағаш бізге сонау көне дәуірден жеткен өсімдік түрі. Ол Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген және де Баянауыл ұлттық паркінің аумағында 500 гектар жерде өседі. Қара қандыағаштың табиғатқа келтіретін пайдасы орасан зор екен. Ол топырақ құнарын байытады. Қара қанды ағаш өскен жерге сирек кездесетін өсімдік түрлерімен дәрілік шөптер өсіп шығады.
Динара Күншуақова Баянауыл ұлттық табиғи паркінің мониторинг бөліміне жетекшілік етеді. Жуырда қара қандыағаш жапырақтарына жібек құрт түскенін байқаған. Ерекше қорғалатын аумаққа химиялық препараттар қолданылмайды.
Динара Күншуақова, Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркі мониторинг бөлімінің жетекшісі:
- Зиянкестерге қарсы күрес биологиялық жолмен жүргізіледі. Қараторғайларға ұя жасап орнатамыз. Құмырсқаның илеуін көбейтеміз.
Өңірде қызыл кітапқа енген өсімдіктердің бес түрі кездеседі. Жанаргүл, ашық кестежусан, қызғалдақ және боз жусан. Ал ағаштан қара қандыағаш өседі. Қызыл кітапқа енген ағашқа балта шапқандар да бар.
Нұрша Болатбек, Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркі табиғи кешендерді қорғау бөлімінің жетекшісі:
- 2020 жылдың 27 шілдесінде қара қандыағашты заңсыз кесу дерегі тіркелді. Екі қара қандыағаш кесіліп, алтауы зақымдаған. Сонымен қатар 10 түп тал, 2 түп қайыңды отап тастады. Бүгінгі таңда Баянауыл аудандық полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Келтірілген шығын көлемі 23 миллион теңгеден асады.
Бұл ағашты кескенде өзегінен қанға ұқсас сұйықтық бөлінеді. Қандыағаш аталуы содан. Қазақтар оны киесі бар - деп кеспеген. Баянауыл ұлттық табиғи паркінің жалпы аумағы 68 мың гектардан асады. Жануарлар мен өсімдіктер әлемін жүзге тарта инспектор күзетеді.
Динара Күншуақова, Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркі мониторинг бөлімінің жетекшісі:
- Біз адамдарды табиғат жанашыры болуға шақырамыз. Сирек кездесетін өсімдік түрлерін сақтап қалуымыз керек. Мәселен қара қандыағаш Қазақстан мен Канада жерінде ғана өседі. Келешекте осы ағаш түрін көбейтуді қолға аламыз. Ол үшін тұқымын жинап, зертханалық деңгейде өсіру жүйесін жасап жатырмыз.
Қара қандығаш тоғай болып тек сарқырап ағып жатқан бұлақ суының бойында өседі екен. Атап өтерлігі, Баянауыл ұлттық паркінің аумағындағы эндемиктер мен қатар көлдердің де экологиялық жағдайы ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етеді. Ол үшін арнайы мамандарды тарту мәселесі туындап отыр.
Ерқұлан Дүйсекеев, Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы:
- Ағаш отырғызу бар, ағашты емдеу бар, мысалы ормандағы. Одан бөлек басқа да мына өртке қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Одан бөлек мынау Біржанкөл, Сабындыкөл, Торайғыр бар, осы Жасыбайдың ішіндегі суында балық қоры бар. Соның қандай түрі бар, экологиялық жағдайы қалай? Жалпы осы көлдердің экологиялық жағдайы қалай? Сол бойынша біз ғылыми жұмыстарын жүргізетін боламыз
Бүгінде демалыс орындарының саны артқан. Адам аяғы баспаған жер қалмай барады. Кезінде әлемдегі ең тұнық көлдердің қатарына енген Жасыбай көліне салмақ көп түседі. Табиғат жанашырларын жылдан жылға тұрмыстық қалдықтармен ластанып бара жатқан тұмса табиғаттың болашағы алаңдатып отыр.
Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат