Түркістан облысында шаруалар күздік бидай егуге көшті
Түркістан облысының Отырар ауданында ағын су мәселесі әлі де өзекті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе Алтынбеков каналының бойындағы Қарғалы мен Отырар ауылдарының диқандары жаз айларында судан тапшылық көреді. Енді осы мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары суды көп қажет ететін бақша дақылдарын емес, күздік бидай егуді қолға алып отыр. Жаңа жоба қалай жүзеге асып жатыр? Бидайдың шығымы қалай?
Мына жайқалған жасыл алқап өткен жылы бос жатқан болатын. Ешкім ештеңе екпейтін. Себебі жаз ортасында арықтардың аңқасы кеуіп, егістікке су жетпей қалады. Диқандар да тәукелге бара бермейді. Аузы күйген ауыл тұрғындары ақылдаса келе, бұл жерге күздік бидай егуді жөн деп тапқан. Қарғалы ауылының тұрғыны Аманкелді Байкеевтің айтуынша, егін суғаратын көктем мен күз айларында мұнда су мол болады. Шаруалар бидайды алғаш рет егіп отырса да, егін бітік шыққан.
Аманкелді Байкеев, Қарғалы ауылының тұрғыны:
- Бізге шығымы жақсы сияқты. Бидай көрмегенбіз ғой. Балалар жақсы дейді. Құдай қаласа, жаман өнім болмайды. Судан қысылған жоқпыз, ертеректе суарып алдық сәуірдің ішінде. Қазір енді егін орағына дайындалуымыз керек. Бір айдың ішінде піседі.
Былтыр күзде Қарғалы ауылындағы 8 шаруа бір кооперативке бірігіп, 30 гектар жерге бидай еккен. Оны көрген көршілес Отырар ауылының диқандары да 130 гектарға дән сеуіпті. Қазір егін жайқалып тұр. Мұны көрген басқа шаруалардың бидай егуге қызығушылығы артқан. Сөйтіп, бұған дейін бақша дақылдарын егіп келген диқандар енді күздік бидай егуді қолға алып отыр.
Әбілахан Салықбаев, Отырар ауылының тұрғыны:
- Тфәй-тфәй, егісіміз мынау жаман емес. Су көп керек емес екен. Күздің күні судың бәрі бос кезде егіп болғаннан кейін көгеріп шыққан кезде бір жақсылап суарып алсаң болды.
Отырар ауданының шаруалары ағын суды Сырадия өзенінен Алтынбеков каналы арқылы алады. Қарғалы мен Отырар ауылы каналдың ең төменгі бөлігінде орналасқандықтан, жаз айларында су жетпей қалады. Мамандар бұл жоба су тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы екенін айтады. Әрі алғаш рет егіліп отырғандықтан, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілген.
Бекжан Кенжеғұлов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Ұрық тауып беру бойынша біз ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімшілігі түгелімен көмектесті. Қазргі таңда 160 гектар жерге егіс, бадй егілді. Егіс жаман емес. Алдағы келесі айда егіс жинау науқаны басталады. Комбайнмен уақытында көмектесеміз деп Шаруаларға біз өзіміз уәде бердік.
Су тапшылығына байланысты ауданда игерілмей жатқан 800 гектар жер бар. Биыл соның барлығына егін егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Отырар мен Қарғалы ауылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына енген. Енді ауыл ақсақалдары аудан әкіміне 2,5%-тік несиені диқаншылықпен айналысатын жастарға берсе деген ұсыныспен шыққалы отыр. Егер қолдау тапса, онда егіс көлемін мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.