Ақмола облысы Атбасар ауданында 2 көкөніс қоймасы салынады
Биыл Ақмола облысы Атбасар ауданында көкөніс сақтайтын 2 қойма салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қос нысанның сыйымдылығы – 17,5 мың тонна. Жалпы былтыр аймақта көкөніс өнімділігі 12 есеге артқан. Бүгінде облыс бойынша қуаттылығы 70 мың тоннаны құрайтын 39 бау-бақша өнімдерін сақтайтын қойма жұмыс істейді.
Бұл – Бұланды ауданында былтыр салынған қойма. Заманауи үлгідегі нысанның қуаттылығы 8 мың тонна. Мұнда негізінен картоп сақтайды. Қазіргі таңда шаруашылық 230 гектар алқапқа картоп егіп жатыр. Сондай-ақ қырыққабат пен сәбіз де өсіріледі. Қойма қондырғылары толығымен автоматтандырылған.
Сергей Дмитрий, агроном:
- Біз 8 мың тонна картопты бір күзде сатып үлгермейміз. Осы тұрғыда қойманың тигізер пайдасы зор. Яғни, дайын өнімді осы жерге әкеліп, көктемге дейін сақтаймыз. Осы уақыт аралығында біз өзімізге қолайлы бағаны таңдауға мүмкіндігіміз болады. Бұл – басты арттықшылық.
Былтыр Бұландыдан бөлек, тағы 2 ауылда көкөніс қоймасы салынды. Бұл бірінші кезекте аймақтағы азық-түлік белдеуін қалыптастырып, бағаны тұрақтандыруға әсер етеді, - дейді мамандар. Сондай-ақ жаңа қойма салып қана қоймай, қолданыстағыларды жаңғырту да жоспарланған.
Азамат Ехсанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- 2024 жылы Ерейментау ауданында 5 мың тонна көкөніс қоймасын салу жоспарланып отыр. Ал Степногорск қаласындағы 1,2 мың тонна көкөніс қоймасын жаңғырту көзделген. Жалпы бұл көкөніс қоймаларының маңыздылығы өңірдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді.
Биыл аймақтағы көкөніс алқабы 200 гектарға ұлғайған. Жергілікті шаруалар 2,5 мың гектар алқапқа бау-бақша өнімдерін егіп жатыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Щинкоренка.