Мемлекет және қоғам қайраткері М. Шаекин торқалы 90 жасқа толды

Саналы ғұмырын ауылды өркендетуге арнаған абыз ақсақалды бүгін бір топ жерлестері мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кезінде бірге еңбек еткен замандастары естелік айтып, емен-жарқын әңгіме құрды.

Михаил Шаекин атамыз 90 жасқа келсе де, әлі тың. Күнделікті газет-журнал оқып, елдегі жаңалықты қалт жібермейді.

Ақсақалдың тағдыры тауқіметпен басталған. Небәрі 5 жасында ата-анасына «халық жауы» деген айып тағылып, жазықсыз итжеккенге айдалады. Алайда тумысынан қайсар жан бұл сынаққа сынбады, керісінше, қайраттанып, шыңдала түсті. Ізденді, білім алды, еңбекке араласты. Соның арқасында қаншама басшылық қызметті абыроймен атқарып, халық арасында бедел жинады.

Михаил Шаекин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

- Оқу керек, адамға білімсіз өмір сүруге болмайды. Қоғам жылжымайды онда. Бәрінен сабақ алу керек. Өткенді білу керек. Болғанды бағалау керек. Жастар адал болу керек. Халқын сүю керек. Сонда біртіндеп, бәрін дұрыстап жасауға болады, айналайын. Ең керегі – адами қасиет, адалдық, еңбекқорлық, жанашырлық.

Еңбек жолын қатардағы агроном болып бастаған Михаил Шаекин аз ғана жылда іскерлігімен танылып, 1965 жылы Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Сол кездері жаңа басшысының бастамасымен Қарқаралыда қатарынан 18 нысан бой көтерген. Ал Қырғыз ауылында директор болғанда 1 млн пұт астық жинап, рекорд орнатқанын осы күні жерлестері жыр қылып айтады.

Ниханбай Омарханов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Халыққа жайлы болды. Бірде біреуін ешқандай отқа да, суға да берген жоқ. Ең үлкен жетістігі, кадрлар дайындау білді. Осы кісінің институт бітіріп келгендегі қабылдап алған жас мамандары кейіннен олар да тек облыс емес, бүкіл республикаға белгілі азаматтар болып өсті. Міне, сондықтан да мен бұл кісіні өз басым кадр дайындау жөніндегі саясатын кейінен қызмет істегенде басшылыққа алдым.   

Бүгін торқалы 90 жасқа келген мерейтой иесін сол кездері бірге еңбек еткен замандастары құттықтай келіпті. Емен-жарқын әңгімелесіп, естелік айтты. Ақсақал – бүгінде 3 бірдей ауданның Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қаншама мемлекеттік наградалармен марапатталған. Қазір 4 баласынан тараған немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп жатқан жайы бар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.