Павлодардың орталық жағалауында пианино пайда болды
Қала тұрғындары мен қонақтары Ертіс жағасында серуендеп қана қоймай, түрлі классикалық туындыларды тыңдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Орталық жағалау – халық көп шоғырланатын көрнекті демалыс орындарының бірі. Ол жерге музыкалық аспапты қою идеясын пианино мектебінің жетекшісі Жанат Омаров ұсынған. Ерекше бастама жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тапты. Қысқа мерзімде бұл жер музыкаға әуес адамдар бас қосатын мәдени орынға айналды. Келушілердің жас ерекшеліктері де әртүрлі.
Cәбина Жұмақанова, колледж студенті:
- Бүгін қыздармен серуенге шыққамын. Осы пианиноны көріп, бұрын музыка мектебіне барғанмын, соны есіме түсіріп алайын дегенмін. Жалпы өзіме қатты ұнады осы идея. Сенбі, жексенбі күндері келгем қыздармен, адам көп болды. Күшті-күшті композициялар ойнады.
Жанат Омаров, пианино мектебінің жетекшісі:
- Бұл ескі музыкалық аспап болғанымен, сапасы өте жоғары. Дыбысын өздеріңіз естіп тұрған боларсыздар. Бір жағынан, біз бұған әлеуметтік тәжірибе ретінде қараймыз. Халықтың музыкаға деген шексіз сүйіспеншілігі байқалады. Тіпті осы идеяны қолдап, ескі пианино аспабын береміз десе, осы жерге әкеліп қоюға дайынбыз.