Елордада мамандар креативті индустрияны дамыту жолдарын қарастырды
Дизайн, бейнелеу өнері, музыка және IT саласының мамандары Астанада бас қосып, креативті индустрияны дамытудың жолдарын қарастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Экономиканың осы бағытын жетілдіру мақсатында бұған дейін арнайы тұжырымдама бекіген еді. Құжатқа сәйкес 2025 жылы креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 5%-ке жеткізу көзделген. Ол үшін мәдениет, өнер, IT және бизнес өкілдерінің өзара ынтымақтастығы қажет. Сондықтан шетелдің озық тәжірибесін зерделеп, кей өнімдерді төл мәдениетімізге бейімдеу мақсатында ара-тұра шығармашылық алаңдарын ұйымдастыру маңызды, - дейді форумға жиылған мамандар. Әзірге елімізде креативті индустрияның 8 бағыты жақсы дамып келеді. Олардың ішінде, музыка, қолөнер, виртуалды өнер және IT салалары бар.
Ақерке Жұманбаева, мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің жетекшісі:
- Жалпы былай қазақтың қарапайым тілімен айтатын болсақ, креативті индустрия деген – өнерлі адамдардың арасындағы бір-бірімен бәсекелестікті дамыту. Сол бәсекелестік арқылы олардың қаражат табуына көмектесу. Сол жолдарды қарастыру. Яғни, өнерді тек қана өнер емес, қаражат табу көзі ретінде қарастыру осы креативті экономиканың бірден-бір мақсаты болып табылады.