Маңғыстау облысының Сайөтес елді мекенінде 130-ға жуық отбасы апатты үйде тұрады
Бастапқыда бұл баспаналар теміржолшыларға арнап салынғанымен, кейін жекешелендіру кезінде құжаттары рәсімделмей қалған.
Соның салдарынан әкімдік халыққа қалай көмек берерін білмей дал. Мамандардың айтуынша, үйлерді алдымен құжат жүзінде апатты жағдайда деп тану керек. Осыдан соң ғана жөндеу немесе тұрғындарды көшіру жоспарланады.
Сайөтес елдімекені Маңғыстау ауданына қарайды. Бұрын осы ауылда теміржолшылар үшін 18 екі қабатты үй тұрғызылған. Қазір олардың барлығы қираудың алдында тұр. Күрделі жөндеу жүргізуге тұрғындар дәрменсіз. Оған ақшасы жоқ. Жергілікті әкімдік мәселені шешпес бұрын алдымен баспана құжатын рәсімдеу қажеттігін алға тартып келген.
Қолданысқа берілгеніне жарты ғасырдан асқан үйлердің қабырғалары жарылып, төбесі опырылып жатыр. Бірде бір рет күрделі жөндеу көрмеген баспананың бірінде бетон сынығы құлап, сол мезет аулада ойнап жүрген балаларды жазым қыла жаздапты. Осы үйде тұратын Шынар Базарбаева сол оқиғадан кейін қыздарын қасынан қалдырмауға тырысады.
Шынар Базарбаева, ауыл тұрғыны:
- Екі кештің арасында ойнап сол жерде жүрген кезде, мына бетон құлады үстімізден. Мен шықсам уже екі қызым үйге жүгіріп келе жатыр екен. Ертеңгі күні үстімізге құлайтын болса кім кепіл береді?
Апатты күйдегі үйлерде 500-ге тарта адам тұрып жатыр. Халық ескірген баспананың кем-кетігін жөндеп шаршаған. Жаңбыр жауса, шұрқ тесік шатырдан лай су пәтерлерге ағады. Тозған кәріз жүйесінде құбырлар жиі бітеліп, жағымсыз иіс қолқаны қабады.
Берік Айтекенов, ауыл тұрғыны:
- Әр стойкасында жарық бар. Кезінде деген осыны Үкімет астына бәріне өздерің жауап бересіңдер, сыртқа біз жауап береміз деді. Жақсы деп астына пластикпен трубаларын жүргіздік. Суларын жақсы қылдық. Ал сыртына неге жауап бермейді үкімет?
Сабыржан Әбдиев, ауыл әкімі:
- Барлығы дерлік қауіпті. Дегенмен, солардың ішінен 3 тұрғын үйді алдық демеушілікпен. Апатты деп тану сараптама қағазын шығарып беретін мекемеге қаржы бөлуін өтініп, келісім шарт жүргізіліп жатыр. Егер сол 3 үйдің мәселесін апатты деп танысақ, тұрғындарды көшіру я болмаса үй алып беру болмаса басқа жағдайлармен жұмыстанамыз.
Әкімнің сөзінше, алғашқы 3 үйді апатты деп тануға құжат жасалады. Қалған баспаналар кезең-кезеңмен рәсімделеді. Бұл үйлер алдағы қыста жылусыз қалуы да мүмкін. Себебі, тұрғындар коммуналдық мекемеге 4 млн теңге қарыз. Соны төлемейінше, жылу берілмейтіні ескертілген.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев