Елдегі құқық саласының мамандары тиісті сертификатқа қол жеткізе алады
Бұдан былай нотариус, адвокат, жеке сот орындаушылары мен сот сарапшылары компьютерлік тест тапсырып, тиісті сертификатқа қол жеткізе алады.
Бүгін Астана, Шымкент және Түркістан қалаларында әділет министрлігінің қанат-қақты жобасы іске қосылды. Бұл Орталық Азия аумағында бұрың-соңды болмаған тың тәжірибе. Әдетте құқық саласының мамандары, лицензия алу үшін арнайы комиссияның құрылғанын күтетін. Оған кемінде үш ай, кейде тіпті жарты жылға дейін уақыт кететін. Енді нотариус, адвокат және жеке сот орындаушылары біліктілігін тест арқылы растай алады. Яғни, адами фактор толығымен жойылады.
Айта кетерлігі, компьютерлік сынақта кейс түріндегі сауалдар қойылады. Әділет министрінің айтуынша, бүгінде 300-ден астам сұрақ дайындалған. Қанат-қақты жоба оң нәтиже берсе, онда тиісті заң нормалары өзгертіліп, тың тәжірибе барлық өңірге енгізіледі.
Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
- Аймақтық комиссияларда мәслихат депутаттары болады, қоғамдық белсенділер, ғалымдар отыратын. Олардың барлығының басын қосу, өзіңіз де түсінесіз оңай емес. Сондықтан оны жинау жарты жыл ұзақ уақыт алатын. Енді 10 күн сайын қайтадан дайындалып өз біліміңді шыңдап қайтадан келіп тапсыруға болады.