Ақтөбе қаласының 154 жылдығы тойланды
Ақтөбе қаласына 154 жыл толды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өз тарихында шағын бекіністен ірі шаһарға айналған өндірісті өңірдің орталығы бүгінде елдегі үлкен мегаполистердің қатарына қосылуға ұмтылып келеді. Әлеуметтік-экономикалық дамуы да тұрақты әрі жыл өткен сайын қарқын алып жатыр. Қаланың туған күніне орай 50-ден астам іс-шара өтті. Кейбіріне шетелдік меймандар да қатысты.
Қала күні жыл сайын 28 маусымда аталып өтеді. Бірақ бұл жолы айтулы күнге орайластырылған шаралар әлдеқайда ерте басталды. Ал ауқымдысы ретінде дәстүрлі түрде көпшіліктің қатысуымен 3, 10 және 21 шақырым қашықтыққа жүгіру марафоны мен велошеру болды. Соңғы аталған спорт түрі оны кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Оған ақтөбеліктермен қатар Нидерланд корольдігінің еліміздегі елшісі де қатысты.
Андре Карстенсен, Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:
- Бұл спорт қана емес, вилосипедтерді көлік құралы ретінде пайдалануға болатынын да көрсетеді. Адамға қолдануына қолайлы екенін білдіреді. Мен тұрған Голландия, кейін Брюсселде бұл – қалыпты жағдай. Ақтөбеде де осы тәжірибені енгізуге болады.
Қала тарихы 1869 жылдан бастау алады. Алғашқыда шағын бекініс болған шаһар – бүгінде еліміздегі ең ірі өндірісті, экономикасы мен түрлі саласы тұрақты дамыған облыс орталығының бірі. Республиканың батыс өңіріндегі үлкен әрі әдемі қала.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Ақтөбе күні тек қана той тойлайтын күн емес. Ақтөбе күні өткен кезеңімізге баға беріп, болашақта қалай дамуымыз керек, қандай нақты жолдар барын көрсетеді. Сол жолдарды бірге қарастыруымыз керек деп ойлаймыз.
Жалпы мерекелік бағдарлама асында 50 іс-шара өтті. Ал қортындысы 60-тан астам танымал эстрада жұлдыздарының гала-концертімен аяқталды.
Шара барысында әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің де туған қаласына арнаған құттықтау тілегі көрсетілді.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков.