Авиация саласындағы халық наразылығын тудырған мәселелер үкіметте қаралды
Әуе билеттерінің құны қымбат, авиаотын тапшы және кей әуежайлардың ұшу-қону жолағының жағдайы нашар.
Бұл қазір еліміздегі азаматтық авиация саласындағы қалыптасқан жағдай. Тіпті танымал лоукостермен ұшу бағасы дамыған Еуропа елдерінен 2 есе қымбатқа шығуы мүмкін. Ал компаниялардың сервисі мүлдем талапқа сай келмейді. Бүгін халық наразылығын бұрыннан тудырып келе жатқан мәселелер Үкімет отырысында көтерілді. Енді жауаптылар елдегі азаматтық авиация саласын, қалай жетілдірмек жоспарда?
Астанадан Алматыға бюджеттік деген лоукостермен ұшу құны Еуропа, АҚШ-пен салыстырғанда 2 есеге қымбат. Ішкі рейстердегі әуе билетінің бағасы жолаушылар мүддесі үшін жұмыс істеп тұрған жоқ. Осылай деп шүйліккен Үкімет басшысы Әлихан Смайылов, баға саясатын қайта қарауды тапсырды. Ішкі рейстерді атқаратын әуе компанияларының қазіргі сервисі де билет құнына сай келмейді. Ұшақтар кешігеді, жолаушылармен диалог орнату мәдениеті де төмен, дейді премьер.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды. Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда, ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан, баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс.
Біздегі тариф құнын мемлекет емес, нарық өзі реттейді. Демек, сұраныс жоғары болса, баға да шарықтай береді. Билет құны халыққа қолжетімді болу үшін бәсекелестікті арттыру керек – дейді, салаға жауаптылар.
Талғат Ластаев, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы
- Спрос и предложение дейді ғой, сол соның орташа бағасымен қойылады. Демалыс күндері билеттің бағасы көтеріледі. Аптаның ортасында, жұмыс күндері билеттің бағасы азаяды. Мысалы қонақ үй сияқты бірдей методика пайдаланылады. Біздің ойымызша билеттің құнын азайту үшін тек қана бәсекелестікті дамыту керек.
Қазіргі таңда азаматтық авиацияның мемлекеттік тізімінде 915 әуе кемесі бар. Апта сайын 56 ішкі маршрут бойынша 706 рейс орындалады. Биыл 7 облыста 23 бағытты субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінген. Яғни, бұл маршруттардың құны 10 мың теңгеден бастап 33 мың теңге аралығында тұрақты түрде сақталады.
Жалпы ішкі рейстерді 5 авиакомпания атқарады. Ол үшін 90 ұшақ тартылады екен. Енді 2025 жылға дейін әуе кемелерінің паркі 1,5 есеге дейін арттыру жоспарланған. Сонда бәсекелестік артып, билет құны арзандауы мүмкін деген болжам бар.
Билет құнының қымбаттығына тағы авиаотын да себеп. Әрбір әуе тасымыланың 30 пайыз бағасы осы авиациялық керосинге байланысты екен. Ал қазір ішкі нарықта жанар-жағармайдың тапшылығы мен қымбатшылығы қатты сезілуде, дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиаотынға деген қажеттілікті өтемейді, осыған байланысты отынды Ресей Федерациясынан импорттауға тура келеді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиаотын өндірісінің жыл сайынғы көлемін ұлғайту қажет, бұл ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек елдегі бірқатар әуежайлардың инфрақұрылымы да көңіл көншітпейді. Мәселен, Астана қаласында ұшу-қону жолағы 20 жыл бұрын қолданысқа тапсырылған. Осы күнге дейін тек аэродром жабындары ғана жамалып келген. 2 бірдей жөндеу мерзімі кешіктірілгендіктен, қазір олардың жағдайы өте қиын екен. Енді барлығына ретке келтіру үшін мемлекеттік бюджеттен 20 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Тағы да бір мәселе, Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы созылып кетті. Пайдалануға беру мерзімі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленген еді. Алайда сот ісіне және жер учаскесін уақытылы бөлмеуге байланысты бірқатар себептермен құрылыс процесі 4 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді.
Шымкент қаласының әкімдігі ағымдағы жылы жобаны аяқтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет, атап айтқанда, бағалау сараптамасын жүргізіп, жер учаскесін беру рәсімдерін жеделдетуі тиіс.
Коронавирус пандемиясы кезінде біраз зардап шеккен азаматтық авиация саласында қордаланған мәселелер әлі де жетерлік. Осы ретте Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жауапты мемлекеттік органдарға: әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеуді, санитарлық аймақтарда заңсыз берілген жер учаскелерін қайтару жұмыстарын жүргізуді және авиакеросин өндірісін ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Риат Шони, Серік Қоңырбаев, Ырыстанбек Оспанов