Қазақстанның оңтүстік-шығысы өрт қаупі жоғары аймақ болып тұр
Сәуір айынан бері Алматы облысында 13 ірі өрт оқиғасы тіркелді.
Адам өліміне әкелгені де бар. 7 мамырда Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Медеу шатқалында өртті сөндіру кезінде қаза тапты. «Тілсіз жауға көп жағдайда адам әрекеті себеп», - дейді мамандар. «Қазәуеорманқорғау» оңтүстік филиалының өкілдері Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясымен бірлесіп, өртке қарсы күрес дайындығын пысықтады.
Әуедегі өрт сөндірушілер үшін өрт маусымы сәуір айының ортасында басталды. Жыл сайын осы мезгілде Іле өзенінің атырабындағы қамыс қызыл жалынға оранады. Жергілікті халық дәл осылай аумақты жайылым үшін тазартады. Адам қолымен жасалған мұндай өрттер табиғатқа аса зиян. Биылдың өзінде Алакөлдің маңайындағы үлкен аумақтар өртеніп кеткен болатын. Ал Іле Алатауы ұлттық саябағы аумағында болған тілсіз жау Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерінің өмірін қиды. Өртті сөндіруге бір апта уақыт кетті.
Якубжан Ибрагимов, «Қазәуеорманқорғау» Алматы бөлімшесінің бақылау ұшқышы:
- Таулы аймақтағы, далалы аймақтағы өрттердің алдын алу дер кезінде, аз мөлшерде өшіру үшін осындай оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Тез арада тікұшақпен байқап, осы десант топтарын сол өртке жеткізу негізгі міндетіміз біздің.
Оқу-жаттығу барысында тікұшақтан арқан арқылы түсуге арналған жаңартылған құрылғы – КС-К2 сынақтан өтті. Ұшқыштар «ауа шелегі» деп аталатын су төгетін құрылғымен жаттықты. Оның сыйымдылығы 3 тонна. Оқу-жаттығуға Алматы қаласы, Мойынқұм ауданы мен Талдықорған қаласының өрт сөндірушілері қатысты. Олардың дайындық деңгейі кез келген жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Дегенмен, мұндай мамандар жылдан жылға азайып барады.
Сергей Поляков, «Қазәуеорманқорғау» әуе-өрт қызметінің жетекшісі:
- Өкінішке орай, қазір «Қазәуеорманқорғау» мекемесіндегі ең үлкен проблема – кадр мәселесі. Ескі кадрлар еңбек демалысына кетіп жатыр, бірақ орнын басатын жастар жоқ. Оларды бұл кәсіпке шақыру өте қиын, себебі еңбекақы аз. Жұмысымыздың күрделілігіне сәйкес келмейді.
Өрт қаупінің ең жоғары кезеңі тамыз айының екінші жартысынан басталып, қазан айының соңына дейін жалғасады. «Тұрғындар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараса», - дейді мамандар. Себебі, болмашы тұтанған от әп сәтте қызыл жалынға айналуы мүмкін.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко, Радик Джакупов