ШҚО-да автослесарь әйел жеке ісін дөңгелетіп отыр

Дөңгелек жөндеп жеке ісін дөңгелеткен әйел. Шығыс Қазақстандағы Күршім ауылының тұрғыны Светлана Ерошкина ердің ісін еңсеріп, автослесарь болып еңбек етеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өз ісінің шеберіне айналған ол тіпті кейбір кәсіби мамандардан да асып түседі, - дейді жерлестері. Сондықтан болар арнайы іздеп келіп, көлігінің жүріс-тұрысын тексертетіндер көп.

Светлана Ерошкинаның темір терсек пен дөңгелек ортасында жүргеніне 13 жыл болды. Алдымен ол бұл іске күйеуіне көмектеспек болып араласыпты. Сөйтіп жүріп, көп нәрсені үйреніп алған екен.

Нәзік жан тек дөңгелекті жөндеп қана қоймай, көлік жүргізушілеріне де кеңес береді. Оның айтуынша, көпшілік жоғары қысымды шинамен жүреді. Ал ол қауіпсіз деуге келмейді. Тежелу жолын ұзартады.

Светлананың сөзінше, әр нәрсені меңгеру үшін үлкен ниет пен жауапкершілік керек. Арнайы білімім жоқ болса да, осындай қасиеттер арқасында бір істі дөңгелетіп келем, - дейді ол.

Светлана Ерошкина, автослесарь:

- Кез келген нәтижелі жұмыс тәжірибемен келеді. Мен қазір көзімді жұмып тұрып, дөңгелектің жай-күйін айтып бере аламын. Кейбір жүргізушілер сенбей, таңғалады. Содан кейін анықтап көрсетемін. Өйткені жолаушыны жолға салу, олардың аман-есен жетуіне үлес қосу – міндетім.Сондықтан кәсібіме салғырт қарай алмаймын.

Светлана үшін адамдармен сөйлесу, оларды жолға салу жанына рақат сыйлайды. Алайда әйелдің аты – әйел. Ең қиыны ауыр көтеру, - дейді ол. Дегенмен көлік жүргізушілері қарап тұрмай, көмектесіп жіберетін кез аз емес.  

Армен Карапетян, Күршім ауылының тұрғыны:

- Жұмыс уақыты болмаса да, ашып көмектесіп кісілерге,адамдарға. Әйел болса да, өз жұмысын сапалы істейді.

Былтыр кәсіпкер әйел арқа сүйер азаматынан айырылды. Содан бері бұл істі тастамауға бекіне түсіпті. Ауыл тұрғындары да қиын сәтте қолдау білдіріп, пысық әйелдің дөңгелек жөндеу цехына жиі соғатын болған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.