Түркістан қаласында рәміздер күні аталып өтті
Мерекелік іс-шара «Менің туым, менің Отаным» атты марафонмен басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бірінші болып еліміздің көк туын желбіреткен көліктер мен велошабандоздар жарыс жолына шықты. Одан кейін мыңға жуық адам «Тікұшақ» алаңынан «Рәміздер» алаңына дейін 2,5 шақырымды жүгіріп өтті. Спорттық іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары, спорт ардагерлері мен спорт мектептерінің жаттықтырушылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Оларды «Рәміздер» алаңында жергілікті өнерпаздар күтіп алды. Сол жерде мәре сызығына жеткен марафоншыларға сый-құрмет көрсетілді.
«Рәміздер» алаңында облыс әкімінің қатысуымен Мемлекеттік ту көкке көтерілді. Мемлекеттік қызметке жаңадан алынған қызметшілер ант қабылдап, жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Серік Ысмайылов, марафон жеңімпазы:
- Бүгінгі рәміздер күнімен барлықтарыңызды құттықтаймын. Спортымызды дамыта берсек – жақсы. Спортпен айналысуға барлығын шақырамыз. Атсалысайық, бұдан да үлкен спорттық жарыстар көбейе берсе деп тілейміз.
Қанат Жолдықараев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Бұқаралық спортты дамыту бойынша, бұқаралық спортқа көңіл бөлу және жастар мен жасөспірімдерді осы спортқа баулу мақсатында Түркістан қаласында бүгінгі мереке үшін марафон өтті. Ақтау, Атырау қаласынан қонақтарымыз қатысты. Мереке құтты болсын.