Көкшетауда патриоттық акция ұйымдастырылды

Көкшетауда Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық акция ұйымдастырылды.

Бұқпа тауының баурайында «Жыл патриоты» сыйлығының иегерлері анықталды.

Оған  аймақ жастары, зиялы қауым өкілдері мен әскери қызметкерлер қатысты. Өңірдің дамуына айрықша үлес қосқан үздіктерді облыс әкімі марапаттап, сый-сияпат үлестірді. 

Жыл патриоты атанғандар қатарында Ибрагим Джаниев бар. Ол облыс орталығындағы 11-өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы. Жұмыстан тыс уақытын спортзалда өткізеді. Самбо күресінің хас шебері. Қазақстан чемпионы атанып, халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүр. Өрт сөндірушінің осындай жетістігі патриоттық шарада айрықша бағаланды.  

Ибрагим Джаниев, "Жыл патриоты" сыйлығының иегері:

- Бұл марапат маған көп жауапкершілік жүктейді. Қосымша ынталандыру деп есептеймін. Елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етіп тер төгеміз. Бізге қарап жас буын үлгі алса. Әр азаматтың бойында бірінші кезекте патриоттық сезім тұруы керек. Сонда ғана ол Отанына адал, антына берік болады. 

Енді Бұқпа тауының басындағы желбіреген көк байрақты бәрі тамашалай алады. Патриоттық акцияда осы жерде қаланың ең үлкен Мемлекеттік туы көтерілді.

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- Тәуелсіздіктің қасиетті нышандары әрбір қазақстандықтың жүрегіне мақтаныш ұялатып, отаншылдық рухын асқақтатып, ұлтты ұлы істерге ұйыстырды. Елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын, халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын бүкіл әлемге танытты. Осы орайда мемлекеттік туды кеңінен қолдануға қатысты азаматтардың ұсынысына қолдау білдіріп, соның нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданып, оның пайдалану аясы кеңейтілді. Мұның өзі тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы қадамдардың бірі екені сөзсіз. 

Патриоттық акция мерекелік концертке ұласты. Рәміздер күніне орай Ақмола облысында 300-ден астам іс-шара өтеді. 

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный