«Хабар» агенттігінде CNN компаниясының өкілдерімен кездесу болды
Тәулік бойы хабар тарату тұжырымдамасын әлем бойынша алғаш ұсынған CNN телеарнасының өкілдері бүгін «Хабар» Агенттігі басшылығымен кездесті.
Бүгін олар бірқатар ұсыныс айтып, жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде Басқарма төрағасы Берік Уәли «Хабар» Агенттігінің шетелдік компаниялармен екіжақты байланыс орнатуға қашанда ашық екенін жасырмады.
Айта кеткен жөн, бүгін CNN өкілдері Ақпарат және қоғамдық даму, сондай-ақ Сыртқы істер министрліктеріне ат басын бұрғалы отыр.
Константинос Ойкономоу, CNN арнасының стратегиялық серіктестік жөніндегі вице-президенті:
– Қазақстанға келу мақсатымыз – «Хабар» Агенттігі басшылығымен бетпе-бет кездесу, белгілі бір өзара тиімді келісімдерге келу және серіктестік орнату. Алдағы уақытта бәрі сәтті іске асып жатса, контент пен тәжірибе алмасу, журналистерге Қазақстанда немесе АҚШ аумағында тренинг ұйымдастыру мәселесі қаралады. Қазақстан – тұрақты әрі қарқынды дамушы мемлекет. Орталық Азия елдері ішінде таңдауымыз осы аймаққа түсіп отырғаны бекер емес.